Шымкенттегі оқушылар сарайында «Бал өнер — 2015» балалар және жасөспірімдер театр ұжымдары арасында байқау өтті. Сайысқа 5-21 жас аралығындағы үміткерлер қатысқан еді.
Үміткрелердің арасында арнайы театр ұжымдарында кәсіби білім алатын шәкірттермен қатар білім ошақтарында оқитындар да бар. Жарыс барысында «Шаттық», Кәусар бұлақ», «Балауса», «Ай-талант» театр ұжымдары өзара сайысқа түсті.
Жас өнерпаздар «Жеті лақ», «Жаңа жыл жақсылықтары», «Екі лақ» сынды халық ертегілерін сахналаумен қатар Д.Исабековтың «Киелі алма», Н.Гарнеттің «Балапан және оның достары» атты туындыларын да көременге тарту етті.
Әділқазы мүшелері жас театр әртістерін түрлі бағыттар бойынша бағалады. Басты талап — қатысушылардың өзін-өзі сахнада ұстауы, көрерменді сендіре алуы, әртістік қабілеті. Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдені «Формат Е» мектеп-студиясының мүшелері жеңіп алды. Жетекшісі — Ерлан Әуесбаев. Ал бірінші орын «Ай-таланттың» бүлдіршіндеріне бұйырды.
Оқушыларды театрға баулу, көркемдік-эстетикалық талғамын қалыптастыруға бағытталған байқау осымен алтыншы жыл қатарынан өткізіліп отыр.