Úı ANONS Әшірбаева Гүлназ Мансурқызы “OTYRAR” медиахолдингінің директоры қызметіне тағайындалды

Әшірбаева Гүлназ Мансурқызы “OTYRAR” медиахолдингінің директоры қызметіне тағайындалды

 

Тәжірибелі басшы, білікті заңгер және экономист. Ол 1971 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.

Тараз мемлекеттік университетін экономист мамандығы бойынша, Қарағанды экономикалық университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Сондай-ақ Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының магистратурасын бітіріп, заң ғылымдарының магистрі дәрежесін алған.

Гүлназ Мансұрқызының басқару және құқық салаларындағы еңбек өтілі 25 жылдан асады. Еңбек жолында мемлекеттік қызмет пен ірі ұлттық және халықаралық компанияларда жауапты басшылық лауазымдарды абыроймен атқарды. Әр жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының Монополияға қарсы инспекциясында, Тарифтер жөніндегі басқармасында және Энергетика мен коммуналдық шаруашылық департаментінде қызмет етті.

Мұнай-газ саласында он жылдан астам уақыт еңбек етіп, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-де Заң департаментін, кейін Әкімшілік-құқықтық мәселелер және персоналды басқару департаментін басқарды. Сонымен қатар «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Персоналды басқару департаментіне жетекшілік етіп, корпоративтік басқару мен кадрлық саясатты жетілдіруге елеулі үлес қосты.

Көпжылдық кәсіби тәжірибесі, жоғары ұйымдастырушылық қабілеті мен стратегиялық басқару дағдыларының арқасында өңірдегі беделді ақпараттық құрылымдардың бірі – «OTYRAR» медиахолдингінің басшылығына келді.

Еңбектегі жетістіктері үшін бірқатар мемлекеттік және корпоративтік марапаттарға ие болған. Атап айтқанда, «ПетроҚазақстан» компаниясының Алтын және Күміс Президенттік сыйлықтарымен, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Құрмет грамотасымен және Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің медалімен марапатталған.