Күркетауық етінің экспорты көбейді

1164

Биыл Оңтүстіктегі «Ордабасы құс» фабрикасы үндік етінен 10 мың тонна дайын өнім шығаруды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде Қазақстан нарығының шетелдік өндірушілерге деген тәуелділігін азайтады деп күтілуде.

Қазақстанның құс етін шығарушылар қауымдастығының мәліметінше, елімізде құс етіне деген сұраныс жылына 350 мың тоннаны құрайды. Егер бес жыл бұрын осы мөлшердің 1/3 бөлігі ғана өзімізде шығарылса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 50 пайызға жетіп отыр.

001

Қазіргі кезде «Ордабасы құс» фабрикасында 400-ден астам адам жұмыс істейді. Олардың көбісі — Бадам және Бөржар ауылдарының тұрғындары. Солардың бірі — Гүлбағира Бердібекова.

— Бізге жалақымызды дер кезінде береді. Ал бұл — өте маңызды- дейді Гүлбағира Бердібекова. — Соның нәтижесінде отбасымызды асырап, сапалы білім беріп жатырмыз. Жанұямызды студенттер де бар.

Фабирка жұмысшылары үндік етінен шұжық, ысталған өнімдер — жалпы, 15 өнім шығарады. Үндіктің еті — өте пайдалы, ағзаға тез сіңеді. Холестерин аз. Оған қоса мұндағы өнімдерге дәмдеуіштер мен өзге де қоспалар қосылмайды.

— Фабрикамызда шұжық цехынан бөлек жеңсік астар бөлімі де бар. Ресейдік құрылғылармен жабдықталған ол бөлімде біз үндіктің кеуде және сан етінен ысталған өнімдер жасаймыз — дейді шұжық цехының басшысы Бахтияр Жұмаханов.

— Биылғы үш айдың ішінде шығарған өнімнің 40 пайызы Евразиялық одақ елдеріне жөнелтілді. Ал бұл көрсеткіш бұған дейін 30 пайыздан аспайдын еді — дейді атқарушы директор Мұрат Тағаев.

Осы орайда «Ордабасы құс» фабрикасының басшылығы өндіріс қуатын арттыруда көздеп отыр. Нақтырақ айтқанда, Арыс ауданындағы Ақдала ауылында фабрика филиалының құрылысы басталып кетті.