Астана мен Мәскеуде өтетін шеруге Оңтүстік Қазақстан облысының атынан қатысатын ардагерлер жолға шықты. Олардың жалпы саны — 17 ардагер. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Жеңістің 70 жылдығына орай екі елдің астанасында әскери шеруге ардагерлерді облыс әкімінің орынбасары С.Қаныбеков бастаған топ шығарып салды. Теміржол вокзалында қарт жауынгерлерге үрлемелі әскери оркестр мүшелері мен туыстары, қатарластары мен жастар ақ жол тіледі.
Елордада өтетін Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік шараларға Оңтүстік Қазақстан облысынан 16 ардагер қатыспақ. Ал Мәскеудегі шеруге баратын қазақстандық делегацияда алты ардагер болса, соның бірі — шымкенттік 91 жастағы ардагер Тулебеков Қаратай.
Бұл ардагерлерді облыстық басқармалардың өкілдері мен медицина қызметкерлері алып жүреді. Шеруге қатысатын ардагерлерге демеушілердің көмегімен бір үлгіде киім тігілді.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында 427 майдангер мен 21779 тыл еңбеккері ғұмыр кешуде.