Úı ANONS Мәскеу Қ.Тоқаевты қалай қарсы алды?

Мәскеу Қ.Тоқаевты қалай қарсы алды?

фото Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге мемлекеттік сапармен барды.

Внуково-2 әуежайында мәртебелі қонақтың құрметіне Мәскеу гарнизонының құрметті қарауылы ротасы және әскери үрмелі оркестр сап түзеп тұрды. Екі елдің әнұрандары орындалды.

Мемлекет басшысын Ресей Федерациясы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Денис Мантуров және басқа да лауазымды тұлғалар қарсы алды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президенттік телерадио хабарларын тарату кешенінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында бейнежазба жарияланды. Кадрда Қасым-Жомарт Тоқаевтың орыс және қазақ тілдеріндегі құттықтау слайдтары бар.

«Біз Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Ресей Федерациясына қош келдіңіздер дейміз».

Президентімізді осы сөздермен қарсы алды. Сондай-ақ, кеше ресейлік БАҚ Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы мемлекеттік сапарының құрметіне безендірілген Мәскеу көшелерін көрсететін бейнежазбаны жариялады. Ленин даңғылы бойында қала орталығына қарай Ресей мен Қазақстан тулары жұптасып ілінген.

Естеріңізге сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев 11-12 қарашада Мәскеуге ресми сапармен барды. Оның күн тәртібіне Владимир Путинмен келіссөздер және Оралда бейнеконференция арқылы өтетін 21-ші Қазақстан-Ресей аймақаралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына қатысу кіреді. Сапар қорытындысы бойынша бірнеше маңызды екіжақты құжаттарға қол қою жоспарлануда.