Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің жүлдесі үшін өткізіліп келе жатқан дәстүрлі қазақша күрес сайысы биылғы жылы Шардара қаласында ұйымдастырылды. 58-ші мәрте өтіп жатқан ұлттық ойын түріне 6 салмақ дәрежесі бойынша барлығы 70 балуан қатысып, бақ сынасты.
Күрестің ашылу салтанатында аудан әкімі Қамытбек Айтөреев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев, ардагер журналист, облыстың Құрметті азаматы Байдулла Қонысбек, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан құттықтау сөз сөйлеп, балуандарға сәттілік тіледі.
Орталық стадиондағы арнайы күн өтпейтін шатыр астында өткен бұл күрес өзінің тартыстылығымен көптің есінде ұзақ сақталатын болды. Жанкүйерлер боз кілемге шыққан апайтөс балуандарға бар ықыластарымен дем беріп отырысты. ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші Қуанышбек Наханов бас қазылық жасаған бұл додада бәрі де өз тәртібімен, дау-дамайсыз өткізілді. Кешке дейін созылған қазақша күресте шын мықтылар жеңіске жетіп отырды. 60 келі салмақ дәрежесі бойынша чемпиондық тұғырға ОҚМПИ атынан сынға түскен Дәулет Қасымбеков көтерілсе, 70 келі салмақ дәрежесінде тағы да ОҚМПИ түлегі Бақытжан Барбановқа тең келер ешкім болмады. 80 келі салмақ дәрежесінде шардаралық Ерсұлтан Мұзаппаров барлық қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, жеңімпаз атанды. 90 келі салмақта ОҚМПИ атынан сынға түскен Әділжан Ыстыбаев, 90 келіден жоғары салмақта шардаралық Бақдәулет Абызов есімді палуандардың мерейлері үстем болды.
Жұртшылықтың тұшына тамашалаған «Түйе балуандар» сайысында ордабасылық Жұманазар Ерсұлтанов өзіне қарсылас шақ келтірмеді. 160 келі салмақтағы алып денелі Жұманазар бұдан бұрын да екі рет «Оңтүстік Қазақстанның» жүлдесіне арналған жарыста «Түйе балуан» атанған еді. Шардаралықтар тіккен су жаңа «Нексия» темір тұлпары да Жұманазар Ерсұлтановтың тақымында кетті. Автокөлік кілтін аудан әкімі Қамытбек Айтөреев салтанатты түрде табыс ете отырып, алдағы уақытта да жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектестігін білдірді.
Жарыс соңында әр салмақ дәрежесінде топ жарған спортшыларға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді. Сондай-ақ, сайыстың өз деңгейінде өтуіне күш салысқан төрешілерге де сый-сияпаттар жасалынды.
Айта кетейік, қазақша күрестен кезекті жарыс келесі жылы Арыс қаласында өтетін болды. Балуандар белдесуін арнайы келіп тамашалаған Арыс қаласының әкімі Сейіт Ертаевқа жарыстың эстафетасы салтанатты түрде табыс етілді.
– Қазақ күресі – ұлтымыздың төл мұраларының бірі. Ұлттық спорттың дамуына біздің «Оңтүстік Қазақстан» да елеулі үлес қосып келеді. Бұрын Шымкентте ғана өтетін дәстүрлі жарыс соңғы жылдары Түлкібас, Бәйдібек, Созақ, Отырар, Қазығұрт, Мақтаарал және Сарыағаш аудандарында кезекпен ұйымдастырылды. Биылғы айтулы доданы қабылдаған аудан әкімі Қамытбек Айтөреевке, осы жарыстың өте жоғары деңгейде өтуіне көп еңбек сіңірген аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Арман Қарсыбаевтарға үлкен алғысымды білдіремін, – деді «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан.
Әділ ӘБДІРАМАНОВ,
Шардара қаласы
«Оңтүстік Рабат», №19, 13.05.2015