Úı ANONS Әке-шешесінен қалған мүлікті бермеген атасын жұдырықтады

Әке-шешесінен қалған мүлікті бермеген атасын жұдырықтады

Түркістан облысы Шардара қаласында әке-шешесінен қалған мүлікті толық бермеген атасын немересі жұдырықтаған. Сот, немересі «өзінше билік етті» деп танып, оны бір жарым жылға бас бостандығынан айырды.

Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында атасынан әке-шешесінен қалған мүлікті талап еткен 24 жастағы жігітті Қылмыстық кодекстің «Өзінше билік ету» бабымен кінәлі деп тапты. Дегенмен оған қатысты Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық заңы қолданылып, сот залынан босатылды.

«Ален Ринатович Бекенов ҚК-нің 389-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылсын. Оған, осы баппен 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. 2025 жылғы 23 маусымдағы «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңының 2-бабының 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Ален Ринатович Бекенов тағайындалған жазадан босатылсын»

Сот кабинеті

Сот кабинеті жүйесінде жарияланған мәліметке қарағанда, айыпталушы отбасындағы екі баланың үлкені. Әке-шешесі қайтыс болғанда қарындасы екеуі кәмелет жасқа толмаған. Ата-анасынан Алматы қаласындағы 3 бөлмелі пәтер мен Шардара қаласындағы үй мұраға қалған. Туған атасы аталған мүліктерді сатуға қойғанда ол қарсы шыққан. Кейіннен атасы өзіне Алматыдан 2-бөлмелі, қарындасына 1-бөлмелі пәтер алып беремін деген ауызша уәдесіне келіскен. Бірақ атасы келісімді бұзып, оған 2-бөлмелі пәтер емес, 1 бөлмелі пәтерді ұсынған. Бұған келіспеген ол атасының үйінде оны жұдырықтап, мойнынан қысып, өз ақысын беруді талап еткен.

«Сотталушы Ален Бекенов әрі қарай қылмыстық іс-әрекетін жалғастырып, жәбірленушінің «Halyk Bank» есепшотында 19 миллион теңге ақша қаражаты бар екенін соңғының өзінің айтуы арқылы біліп, осы ақшадан болжамындағы өзіне тиесілі ақшасын, яғни 3 миллион теңгені талап еткен. Жәбірленуші келісіп азанда банк ашылған соң беретіні туралы айтқан. Азанда сотталушы мен жәбірленуші Шардара қаласында орналасқан «Halyk Bank» бөлімшесіне барған. Онда жәбірленуші сол жердегі кассирге өзіне қатысты күш қолдану арқылы өзінше билік ету қылмысы жасалып жатқаны жайлы белгі ретінде түбіртекке жазып берген. Мұны сотталушы байқап қойып, банк ғимаратынан кетіп қалған»

Сот кабинеті жүйесі

Сотталушы сотта айыбын мойындап, кешірім сұраған. Атасы оған кешірім берген. Айыпталушы алғашында «Қарақшылық» бабы және «Қорқытып алу» бабымен күдікке ілінген. Сот тергеу істі қате саралаған деп таныды.

Дилара Иса