Оңтүстік ұстаздары министрдің алғысын алды

419

Оңтүстік педагогтарына білім және ғылым министрі алғыс білдірді. Биыл ҰБТ қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының мектеп бітірушілері жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, орташа көрсеткіш 78,7 балды құрады. Бұл жайында облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Қазақстанның білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов республика бойынша ҰБТ-ны жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізгені әрі жоғары көрсеткішке ие болғаны үшін облыс әкімі А.Мырзахметов пен өңірдегі педагогтарға алғыс хатын жолдады.

002

«ҰБТ нәтижесі оңтүстікқазақстандық педагогтардың жоғары кәсібилігі мен жаңашыл тәжірибесін және жақсы дәстүр сабақтастығын дәлелдейді. Мектеп бітірушілердің қол жеткізген табыстары облыстың мұғалімдері мен оқушыларының шығармашылық жұмыспен айналысуы үшін мемлекеттің қолайлы жағдай жасауының нәтижесі болып табылады. Білім және ғылым министрлігі Оңтүстік Қазақстан облысының педагогтарына және жеке өзіңізге, Асқар Исабекұлы, өскелең ұрпақты лайықты оқытуға үлес қосып, ҰБТ-ға мектеп бітірушілерін дайындауға белсенді қатысқандарыңыз үшін алғыс білдіреді. Оңтүстік Қазақстандағы барлық педагогтарына шығармашылық табыстар мен жаңа жоғары жетістіктер тілейміз» делінген алғыс хатта.

Еске сала кетсек, биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша облысымызда 604 үміткер «Алтын белгі» иегері атанды. 30982 мектеп бітірушінің 71 пайызы тест тапсырып, орта балл 78,7-ді құрады.

3398 бітіруші 100 балдан жоғары көрсеткшке ие болды. Жоғары 125 балды – 1, 124 балды – 5, ал 123 балды 22 оқушы жинады. Айта кетерлігі, соңғы төрт жылда облыстың орта балы 11,8 балға жоғарылап, «Алтын белгі» иегерінің саны 366-ға артқан.