Облыс әкімі Ордабасы ауданына барды

350

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Ордабасы ауданына жұмыс сапарымен барып, берілген тапсырмалар мен жүктелген міндеттердің орындалу барысын саралап, ауқымды жиын өткізді. Аудандағы жергілікті басшылар мен ауыл әкімдерінің қатысуымен өткен алқалы мәжіліске облыс әкімі аппаратының жауапты қызметкерлері мен облыстық басқармалардың жетекшілері арнайы келді.

007

Аудан әкімі Самат Сапарбаев облыс әкімі тарапынан берілген 119 хаттамалық тапсырманың орындалу барысын баяндаса, басқарма басшылары өздері жетекшілік ететін салалар бойынша аудан көрсеткіштерін сарапқа салды. Сондай-ақ, мәжілісте ауыл әкімдерінің атқарып отырған жұмысы, елдімекендерде санитарлық тазалықтың сақталуы, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда кеткен кемшіліктер мен тексеру нәтижесінде анықталған олқылықтар және аудандағы кезек күттірмейтін өзекті мәселелері тиянақты таразыланды.

Жиын барысында облыс басшысы ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік мақсатындағы жер телімдерін жекеге беруде барынша ашықтық қағидатын ұстанып, мемлекет меншігіне қайтарылған жерлерді жұмыс істей білетін азаматтарға беру жайына ерекше назар аударды.

Атқарылған істі талқыға салған өңір басшысы берілген тапсырмалардың орындалуы бойынша шешім қабылданып, ауыл әкімдерінің жұмысы тиімділігіне қарай таразыланатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, өзінің функционалдық міндеттерін тиісті деңгейде орындай алмайтындарға қатаң шара көру туралы тапсырма берді.

006

Ауданға жасаған жұмыс сапары аясында облыс әкімі өткен жылы бюджет есебінен 15 млн теңгеге алынған ескі кинотеатр ғимаратын спорт сауықтыру кешеніне айналдыру жобасымен танысты. Үш қабатты нысанның бірінші қабатында бокс пен тренажор залы орналасады деп жоспарлануда. Болашақта аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Қажымұқан атындағы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі де осында орналаспақ.

Темірлан елдімекенінде 36 млн теңгеге абаттандырылып, көріктендірілген ардагерлер мен орталық саябаққа арнайы келген облыс әкімі Қажымұқан ауылындағы «Kazakhstan Logistics Group» ЖШС-нің 300 гектарға тамшылатып суару технологиясымен егілген интенсивті бауында болып, ауыл шаруашылығы саласына жауапты басшылар мен аудан әкімдігіне жаңа міндеттер жүктеп, нақты тапсырмалар берді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі