Игерусіз жатқан жер көп

596

Биыл облыста игерусіз жатқан 650 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер анықталды. Осыған дейін 590 мың гектар егістік арнайы жер қорына қайтарылған. Бұл туралы облыстық жер қатынастары және жерді пайдалануды және қорғауды басқармасының басшысы Серік Тұрбековтің есептік жиынында мәлім болды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=y_OINkKR78A[/youtube]

Ал осы арада ұлтарақтай жер бұйырмай отырғандар жылдан жылға артып отыр. Әсіресе, Мақтаарал, Сарыағаш, Сайрам аудандарында халыққа жер тауып беру оңай шаруа болмай тұр. Бүгінде облыс орталығында 137 мың азамат жер телімін алу үшін кезекке тұрған. Шымкенттіктердің жерге деген сұранысын қамту үшін қала аумағына өткен елдімекендерде жер қорын анықтау жұмыстары жүріп жатыр.

Осы тұста кей азаматтар жерге мұқтаждық танытса, енді біреулер оны игере алмай отыр. Айта кетейік, бүгінде облыста 2011 жылдан бері жүріп жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеу жұмыстары өз нәтижесін беріп жатыр. Облыста пайдаланылмай жатқан 650 мың гектар алқаптың 590 мың гектары мемлекетке қайтарылған. Қазір қалған жерлерді қайтару мақсатында тиісті шаралар жүргізіліп жатыр.

Шенеуніктердің салғырт шешімінен жер дауына қалған қарабұлақтықтардың мәселесі де қаралды. Айта кетейік, 2010-2011 жылдары жер телімдерін иемденген тұрғындардың жерлері араға 2-3 жыл салып, прокурорлық тексерудің нәтижесінде заңсыз деп танылады.

Ауыл шаруашылығы мақсатына берілген жер телімдеріне тұрғындар үй салып алған. Алайда, 8 жер иесіне баспана тұрғызылғанына қарамастан қазір өз есебінен сүру туралы сот үкімі шыққан. Салаға жауаптылар бұл мәселенің анық-қанығына жетеміз, алайда саяси шешім әкімдіктен деп отыр.

Айта кетейік, Қазақстан-Өзбекстан шекарасы маңында да жер телімдері дауға түсіп жатыр. Алайда, жауаптылар қос ел арасындағы бұл түйткілдерді оңтайлы шешу мақсатында қазір келіссөздердің жүргізіліп жатқанына сендірді.