«Жолдар, бізді шақырыңдар!» Өңірімізде осындай атаумен шыққан кітаптың тұсаукесері өтті. Бояуы кеппеген кітап «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының 25 жылдығына орай жарық көріп отыр. Ұлттық арнаның облыстағы филиалының ұжымы ширек ғасырлық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті.
«Жолдар, бізді шақырыңдар» кітабының алғашқы оқырмандары «Қазақстан » телерадиокорпарациясының басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова мен телеарнаның негізін қалаушы Байдулла Қонысбек болды. Астанадан келген төрайым бүгінде тәулігіне 16 сағат хабар таратып отырған телеарнаның жұмысын жоғары бағалап, жергілікті тілшілердің еткен еңбегін еледі.
Баспаханадан тіке оқырманға жол тартқан кітапта телеарнаның тізгінін ұстаған азаматтардың сүбелі сөздері мен сұхбаттары жарияланған. Тележурналистиканың аламанына бойлап, қатарынан озып шыққан тілшілердің естеліктері де баяндалған.
25 жылдың жолын жүріп өткен телеарнаның қуанышы Оңтүстік жорналшыларының басын қосқан салтанатты кешке ұласты. Ұжым өз редакциясынан түлеп ұшқан тілшілерді жинап, құрмет көрсетті. Олардың әрқайсысы «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының өсуі мен өркендеуіне зор үлес қосқаны үшін «Телеарнаға 25 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.
Жәнібек Нұрыш