Ғабидолла Әбдірахымов: «Бұрын салынған үйлерді бұзбаймыз»

547
Ғабидолла Әбдірахымов

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдіраxымов шаһарға қосылған елдімекендердің тұрғындарымен кездесіп, пікірлесті. Әкім алдымен жұмыс сапарымен Абай ауданына қосылған Қызылжар шағынауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығының қайта құру жұмыстарымен танысты.

Ғабидолла Әбдірахымов

Айта кету керек, бұған дейін тойxана ретінде пайдаланылып келген ғимарат енді 118 000 тұрғыны бар елдімекен xалқының құжат рәсімдеуі үшін қызмет етпек. Енді қалаға сабылмайтындарына жергілікті халық қуанышты.

Ғабидолла Әбдірахымов

Биыл қала бойынша 12 мыңға жуық тұрғынның үйлеріне табиғи газ жеткізілді. Сонымен бірге Жаңа Тұрлан, Көкбұлақ, Алтынтөбе, Ынтымақ-2, Ақтас елдімекендеріне газ жүйесін тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Ынтымақ-2 елдімекеніндегі 950 үй жаңадан тартылған электр жүйесіне қосылды.

Тұрғындардың жарық мәселесі бойынша өтініштері ескеріліп, Жаңа талап ауылына демеушілердің күшімен трансформатор орнатылып, пайдалануға берілді. Ауыз су мәселесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Аудан тұрғндарының 92 пайызы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген.

Ақтас-2 мен Көкбұлақтағы 300 орынды жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ал 2011-2020 жылдары тұрғын үй, коммуналдық шаруашылықты жаңарту бағдарламасына сәйкес биыл көп қабатты 11 үй жөнделді.

Әкім бұдан кейін Шымкенттің іргесіндегі Қызылжар елдімекеніне қарасты құс фабрикасының қараусыз қалған кәріз жүйесінің мәселесімен танысып, экологиялық зардапты өз қадағалауына алатынын ескертті. Бұған қоса қалаға қосылған елдімекендердегі тұрғын үй мәселесі оңтайлы шешімін табуда.

Атап айтар болсақ, мұнда жаңа салынған үйлерден бөлек ескі үйлер де заман талабына сай жаңартылуда. Қала басшысына алғыс айтқан қызылжарлықтар «Мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің нәтижесінде баспанамыз жаңарып келе жатыр» деп ағынан жарылды.

Ғабидолла Әбдірахымов

Бұдан кейін Абай ауданына жаңадан қосылған Жаңаталап елдімекеніндегі халықпен кездескен Ғабидолла Әбдірахымов тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Сман Қырықбай, Абай ауданына қарасты Көкбұлақ ауылының тұрғыны: – Құрметті əкім мырза! Өткен жиналыста Көкбұлаққа газ тарту туралы мəселе көтеріліп еді. Келесі жылы жүргізіле ме?

Аталған сауалға қала əкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов жауап берді: – Көкбұлақ тұрғын алабының газ жүйелерінің құрылыс жұмыстарына 2016 жылғы жобалық-сметалық құжаттарын əзірлеуге қаржы бөлуге бюджеттік ұсыныс берілді. Қаржы бөлінген жағдайда 2016 жылдың аяғына дейін жұмыс жобасы əзірленеді.

«Жалпы, Абай ауданы – Шымкенттегі аумағы ең үлкен аудан. Оның үстіне Төле би, Ордабасы және Сайрам аудандарынан мұнда 11 елдімекен қосылды. Сондықтан күрделі мәселе де жеткілікті. Мұнда тек аудан ғана емес, қала билігін толғандыратын дүние инженерлік инфрақұрылым мен коммуналдық сала болып отыр» деді Абай ауданының əкімі Ахмет Татыбаев шаһар басшысына жасаған баяндамасында.

Ғабидолла Әбдірахымов

Өз кезегінде тұрғындардың да талап-тілектерін тыңдаған Ғабидолла Рахматоллаұлы аудан əкімдігіне осында көтерілген мəселерді тез арада шешуге тапсырма берді.

Өзбекстаннан келген қандастар атынан Әбдірәшит Пашаев шаһар басшысына алғысын айтып, «Атамекенге оралған қандастарымыздың елге оралуына Елбасы басты назар аударып, қамқорлық танытуда. Осыдан бірнеше жыл бұрын осында келіп, үй салған болатынбыз. Кейіннен жолға тура келді деп үйді сырып тастаймыз деп жатыр» деп, өз көкейінде жүрген сұрақтарын қойды.

Ғабидолла Әбдірахымов

Өз кезегінде қала басшысы «Біз бұрыннан салынып қойған тұрғын үйлерді бұзбаймыз. Олай істеу – қараша халықтың мүддесіне қиянат жасау. Біз мүмкіндігінше соларды заңдастыруға тырысудамыз. Сəл сабыр қылып, бізге де жұмыс істеуге мүмкіндік беріңіздер. Қазір Астанаға осы мәселе бойынша заңға өзгеріс енгізу мəселесін қарау туралы арнайы ұсыныс хат жібердік» деді.

Іс-шараны қорытындылаған шаһар басшысы сөз соңында «Шымкент қаласына қаншама елдімекен қосылды. Бұл мәселе бүгін ғана туындаған емес. Сондықтан мұның барлығы бір күнде шешіліп кетпейді. Мен қалаға жаңа қосылған елдімекендерді аралап, тұрғындарды толғандырған түйткілдермен танысып келемін. Бар күш-жігеріммен xалыққа қызмет етуге әзірмін. Сондықтан, сіздерден сабырлы болуды сұраймын» деп, халықты бірлікке үндеп, үшінші қаланы бірге көркейтуге шақырды.

Шымкент әкімінің баспасөз қызметі