Алаяқтықтың құрбаны болғандар мен соттың үкіміне келіспегендер «Нұр Отан» партиясынан көмек сұрады. Оңтүстік өңірі филиалында өткен кезекті қоғамдық қабылдауға келген шағымданушылардың арасында өзге облыстың да азаматтары бар.
Мейрамкүл Ибрагимованың пәтері өртеніп, шығынға белшесінен батқан. Болған оқиға жайлы төтенше жағдайлар басқармасы және Әл Фараби полиция бөліміне арызданған. Алайда жыл аяқталуға жақын, ал өртке айыптылар әлі күнге дейін анықталмай, іс созбаланып кетті дейді шағымданушы. Көп балалы ана әділ шешімді нұротандықтар шығарады деп сеніммен келіпті.
Төтенше жағдай қызметкерлері Шымкенттегі 21 шағынаудандағы № 6 үйде орын алған өртті тіркеген. Айтуларынша шөп өртеніп, от бірінші қабаттан бесінші қабатқа дейін жетіпті.
Қиын жағдайда қалған отбасын уәдемен емес, іс жүзінде қолдау көрсету жөнінде депутат ұсыныс жасады. Ал тергеу амалдарына көңілі толмаған әйел қайта тексеру жүргізілсін деп талап қоюда. Қабылдауға қатысқан прокуратура өкілі істі қайта қарауға жіберемін деп сендірді.
Ал тағы бір азамат — Тараз қаласының тұрғыны. Егіз ұлдың біреуінен айрылған отағасы сотты болайын деп жатқан екінші баласынан айрылып қаламын деген қорқынышпен нұротандықтардан араша сұрап келіпті.
Қабылдауға жазылған 9 азаматтың арыздары бойынша хаттама түзіліп, сала мамандарына тапсырма берілді. Шағымның күрделігіне қарай бір айдың ішінде олар жауап алуы тиіс.
Шынар Оразова