Астана тұрғыны Түркістанда тапаншамен ұсталды

270
Ұсталған жүргізуші

Түркістан қаласының полицейлері атыс қаруы мен көкнар есірткі затын алып жүрген азаматты ұстады. Қалалық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне жол-патрульдік полиция қызметкерлерінен суыт хабарлама келіп түсті.

Олар өз хабарламаларында Шымкент-Самара тасжолының бойында қалаға қарай бет алып, жоғары жылдамдықпен келе жатқан «Линкольн –Навигатор» автокөлігін тоқтату барысында жүргізуші полицейлердің заңды талаптарына бағынбай, кетіп қалғанын айтады.

Осыған орай қалада тосқауыл жоспарына сәйкес заңды өрескел бұзушы жүргізушіні тоқтату іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары көшелердің бірінен аталған автокөлікті анықтап, жүргізушісін қолға түсірді.

Ұсталған жүргізуші

Ол бұған дейін де сотты болған, 26 жастағы Астана қаласының тұрғыны екені анықталды. Тәртіп сақшылары көліктің салонын тексеру кезінде жарақат салатын «Оса» тапаншасын және полиэтилен қалтаға салған өсімдік тектес есірткі затын тауып, тәркілеп алды.

"Оса" тапаншасы

Сот-криминалистикалық сараптама нәтижесінде ол заттың жалпы салмағы 2 келіге жуық көкнар есірткі заты екені анықталды.

Қазір осы жайт бойынша қылмысты кодекстің екі бабы бойынша іс қозғалды: 287 (қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) және 296-бап (есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу).

Ұсталған азамат қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.