Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Д.Сатыбалды бастаған бір топ кәсіпкер Оңтүстік Корея мемлекеті мен Қытай халық республикасына жұмыс сапарымен барып қайтты. Роуд-шоу сапарының басты мақсаты — өңірге қытай және кәріс инвесторларын тарту болып табылады.
Қазақстаннан барған делегаттардың ішінде өңірден бизнес-құрылымдардың жетекшілері мен «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорциясының өкілдері, «Оңтүстік» индустриялық аймағының басшылары да бар.
Оңтүстікқазақстандық делегаттар, ең алдымен, Оңтүстік Кореядағы Чхунчхон-Намдо және Кёнгидо провинцияларының басшылығымен кездесті. Онда өңірлік деңгейде өзара тиімді ынтымақтастық мәселелері талқыланып, Оңтүстік Корея мен біздің облыстың кәсіпкерлерінің инвестициялық жобаларын іске асыруға жағдай жасау жайы және Кенгидо провинциясында құрылған инвестициялық хабқа Оңтүстік Қазақстан облысының қатысуы сөз болды.
Сапар барысында кәсіпкерлер Оңтүстік Кореядағы агроөнеркәсіп кешендері мен ондағы ірі инновациялық агротехникалық институтты, өнеркәсіптік жылыжайлар мен Еуропалық іскерлік әріптестік орталығын және «Самсунг» корпорациясының мұражайы мен инновациялық кеңсені аралады.
Аталған мемлекетке жасалған іскерлік сапар соңында Сеулде Оңтүстік Қазақстан облысының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылған форум өтіп, оған Оңтүстік Кореяның түрлі экономикалық секторында қызмет ететін 180 кәсіпкер қатысты. Нәтижесінде екі ел арасында 11 меморандумға қол қойылды.
Бұдан соң облыстың кәсіпкерлері Қытайға жол тартты. Онда делегаттар Сиянь қаласында ұйымдастырылған Қытайдың ауыл шарушалығы саласындағы жаңа технологиялар тақырыбында өткізілген 22-жәрмеңкесіне және арнайы форумға қатысты. Онда еліміздің ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков сөз сөйлеп, Қазақстанның сала бойынша жетістіктері мен жоспарларын баяндады.
Қытайға сапар кезінде облыс кәсіпкерлері «Қазақстан-Қытай заманауи аграрлық жобалары» конференциясына қатысып, өңіріміздің ауыл шаруашылығы жобаларын таныстырды. Кездесу нәтижесінде қытай және Оңтүстік кәсіпорындарының арасында екі жақты әрі тиімді 3 меморандум түзіліп, бірлесіп жұмыс істеуге келісімдер жасалды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі