Úı ANONS Әуежайға қатысты меморандумға қол қойылды

Әуежайға қатысты меморандумға қол қойылды

фото Отырар.кз

Түркістан облысында халықаралық әуежайды дамыту, сенімгерлік  басқаруға беру, ынтымақтастық орнату мәселелері  талқыланды.  Жиынға  «JanaPort Holdings Ltd.» компаниясының директоры Мадина Ахмеджанова да қатысты.

 

Облыс әкімінің орынбасары, Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, әуежайдың әлеуеті мен мүмкіндіктері жоғары. Мысалы, әуежай күніне  450 жолаушыны өткізе алады. Жылына 3 миллион жолаушыға қызмет көрсетеді. Жүк терминалының аумағы жарты гектар жер. Тәулігіне 60 тонна затты қабылдайды.  Ұшу-қону жолағы кең. Ал әуежайдың жалпы аумағы 905 гектар.

 

ЕРКЕБҰЛАН ДАУЫЛБАЕВ,  ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Бүгінде Түркістан халықаралық әуежайы «Әуежайлар базасында авиахабтарды дамыту» жөніндегі арнайы жол картасына енгізілген. Бұл – алдағы уақытта әуежайды толыққанды авиахаб ретінде қалыптастыруға, соның ішінде авиаотын кешенін жаңғыртуға және перрон аумағын кеңейтуге кең мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – Түркістанды халықаралық әуе қатынастарының маңызды орталығына айналдыру. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру және өзара тиімді серіктестікті нығайту мақсатында сіздерді бірлескен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға шақырамын»

 

Компаниясының директоры Мадина Ахмеджанова бұл әріптестік қос тарапқа да пайдалы әрі әуежайдың әлеуетін көтеруге мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Кездесу нәтижесінде облыс әкімдігі мен аталған компания арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Айта кетейік, Түркістан Әуежайы 2020 жылдың 1 желтоқсанынан бастап тұрақты әуе рейстерін қабылдап жатыр. Ресми мәлімет бойынша, өткен жылы 277 техникалық қону және 99 жүк рейсін орындалған.

 

Дилара Иса