Сыр елінің әртістері күнгейде гастрольде жүр

517

Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры Оңтүстіктегі гастрольдік іс-сапарын бастады. Өнер ұжымы күнгейлік көрерменге қаламгер Иран-Ғайыптың «Қорқыт» қойылымын ұсынды.

Драмалық сазды-дастанда Тәңірге табынушы түркі әлемінің абыз-бақсысының әлегі баяндалады. Жалған және шын Құдайдың ара-жігін ажырата алмаған Қорқыттың тәңірден безінген сәті де көрініс тапқан. Театрдың көркемдік жетекшісі әрі қоюшы-режиссері Хұсейн Әмір-Темірдің айтуынша, спектакльдегі аңыз-кейіпкердің рөлі сәтті шығуына ұжымның кәсіби шеберлігі көмектескен.

"Қорқыт" қойылымындағы кейіпкер
«Қорқыт» қойылымындағы кейіпкер

Хұсейн Әмір-Темір, Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі: «Барлық мәліметтерде, дастандардың оқиға желісі бойынша айтатын болсам, барлық жерде Қорқыттың көрі, кейіпкер содан қашады делінеді. Қобызын тартып, өлімнен қашады да жүреді. Ал бұл біздің спектакльде мүлдем олай емес, бұл нұсқада Қорқыт шындыққа жету үшін күреседі. Кім оған жанын бере алады, міне, осы сауалдың жауабын іздеумен өтеді».

Қызылорда облыстық драма театрының 60 жылдық тарихы бар. Бүгінде өнер ошағында 150 адам қызмет атқарады. Оның 42-сін әртістер құрайды. Сыр елінен келген өнер ұжымы 6 қараша күні жерлестеріміз үшін Қуандық Қасымовтың «Қысылғаннан қыз болдық» комедиясын сахналайтын болады.