Оңтүстікте кері ағымның жетегінде кеткен 200-ге жуық азамат дәстүрлі дін жолына қайтарылды. Жаһандағы күрделі жағдайға байланысты азаматтарға дұрыс бағыт-бағдар беруге одан әрі баса мән беру керек. Жылды қорытындылаған облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасына қарасты әлеуметтік бастамалар орталығының директоры Нұржан Тұрсынбай осылай деді.
Қазір орталықта 17 теолог пен өңірдегі барша имамдар жамағатты ағымдар мен секталардан сақтандыруға бағытталған тірлігін күшейтуде. Бұл мақсатта халықпен 7000-нан астам кездесу ұйымдастырылып, онда 300 мыңға жуық адам қамтылған.
Орталық бастамасымен жыл басынан бері 28 000 дана әдістемелік-ақпараттар кітап пен 5000 плакат әзірленіпті. Бейнероликтер мен тақырыптық фильмдер де жетерлік.
Дәстүрлі дінді насихаттауда тіпті бүлдіршіндерді де қамту мақсат етіліпті. Қазір алғашқы балғындарға арналған анимациялық фильм дайындалып жатыр. Бұйыртса, бұл туынды жуық арада жергілікті арналардан кішкентай көрермендердің назарына ұсынылады.
Мақсат Жақсыбаев