Таяуда әлеуметтік желілерде Арыс АІІБ бастығының орынбасары қол астындағы қызметкерлерін балағаттағаны жазылған бейнеролик таралып кетеді. Осы оқиғаға қатысты облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі мәлімет таратты.
Департамент қызметкерлері осы бейнероликке қатысты тексеру жұмыстарын жүргізу барысында мына жайтты анықтады. Арыс АІІБ полиция қызметкерінің анасы аталған осы басқарманың әкімшілік полиция бөлімі бастығының үстінен шағымданған. Себеп, бөлім бастығы оның ұлының атынан өзінің қажетіне банктен несие алып беруін өтініп, өзі уақытында төлеп тұратынын айтқан.
Бірақ, кейіннен бөлім бастығы несие борышын төлеуден бас тартып, соның салдарынан полицейдің анасы аудандық полиция басқармасының басшылығынан көмек сұрап келген екен.
Ал Арыс АІІБ бастығының орынбасары көмек көрсетудің орнына арызданушының баласына қысым көрсетіп, балағат сөздер айтып, ішкі істер органдары қызметінен босатамын деп қоқан-лоққы көрсеткен. Аталған оқиға бойынша арызбен қоса бейнежазба ұсынылған.
Осы жайтқа қатысты ішкі істер департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының мамандары қызметтік тексеру жүргізгенде арыз өз дәлелін тапты. Бастықтың орынбасары, полиция полковнигі өз кінәсін толығымен мойындап отыр. Жиналған мәлімет ІІД тәртіптік комиссиясының қарауына жіберілді.
Ал Арыс АІІБ бастығының еңбекке уақытша жарамсыздығына байланысты соңғы шешім бастықтың жұмысқа шығуынан соң қабылданады. Сонымен қатар соы аудандық әкімшілік полиция бөлімі бастығының үстінен қылмысты кодекстің 362-бабы бойынша (Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) қылмысты іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.