2015 жылы Түркістан қаласына 1 миллион турист келген

488
Түркістан қаласы

Оңтүстіктегі аудан, қалалардың бірі ғана емес, бүкіл түркі жұртына ортақ Түркістан қаласы үшін 2015 жыл рухани кездесулермен, толағай табыстармен аяқталды. Биылдың өзінде елдігімізді айшықтайтын ұлы істердің барлығы дерлік осы қалада тұсауы кесілді.

Түркістан қаласы

Соның ішінде Қазақстан халқы ассамблеясы жылының құрметіне арналған салтанатты рәсім алдымен осы рухани орталықтан бастау алып, «Менің Қазақстаным пойызы» да ең алғашқы аялдамасын Түркістанда жасады. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы Таразда аталып өткенімен, тарихи қала Түркістан да ұмыт қалған жоқ.

Бұдан бөлек мемлекетіміз тәуелсіздік алған жылдардан бергі уақытта Түркістанға келіп, сәждеге бас июді міндет санайтын бауырлас Түркия елінің мемлекет басшыларының салған дәстүрлі жолы биыл да жалғасын тапты. Тарқатып айтсақ, Реджеп Тайып Ердоған мырзаны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанда қарсы алып, мемлекет басшылары осындағы Түркия тарапынан салынған мешіттің лентасын қиды.

Ер Түріктің бесігі саналатын Түркістанда туризм саласы соңғы екі, үш жылда айтарлықтай дамып келеді. Осы жылдың өзінде киелі қалаға келіп, тарихи мекендерге зиярат етушілердің қатары миллионға жуықтады. Бұл көрсеткішті жергілікті басшылық «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізінің салынуымен байланыстырады.

Ауыл шаруашылығы саласында да Түркістанның мерейі үстем. Сала жұмысы «Алтын күз-2015» мерекесінде бес аталым бойынша – тамшылатып суару әдісін енгізу, көкөніс өсіру, жеміс-жидек өсіру, мақта өсіру және сүт өндіруден озат аудандардың қатарына еніп, жекелеген жергілікті шаруалар да жүлделі оралды.

Шаһарда кәсіпкерлік саласы да дамып келеді. Жыл қорытындысы бойынша «Кәсіпкерлікті қолдау бойынша үздік әкімдік» аталымымен облысымыздағы аудан, қалалар арасында үшінші орын алды. Олай болатын да жөні бар. Биыл Түркістанда төрт кәсіпорын өз жұмысын бастады. Одан бөлек сүт өнімдерін өндіретін цех іске қосылды.

Шаһарда әлеуметтік нысандар санын арттыруға бағытталған жұмыстар да қарқынды жүргізілген. Атап айтсақ, қала аумағында биыл 2 мектеп, 4 балабақша пайдалануға берілсе, денсаулық сақтау саласында төрт ауданға қызмет көрсететін 200 орынды балалар ауруханасы жұмысын бастап, спорт саласында жергілікті кәсіпкерлердің пәрменімен 10 ойын алаңшасы ашылды.

Сонымен қатар жастар орталығының ғимараты пайдалануға беріліп, 6 көшеге асфальт, ішкі орам жолдары жарықтандырылды. Электр қуатының сапасын арттыратын 2 подстанция іске қосылып, орталық жылу қазандығы, бірқатар көп қабатты үйлер күрделі жөндеуден өтті.

Қаладағы орталық «Жеңіс» саябағынан «Даңқ» мемориалы салынып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында «Шығыс қақпасының» лентасы қиылды. Сондай-ақ, туристерге сапалы қызмет көрсету мақсатында жеке инвестор есебінен 4 жұлдызды қонақ үйдің құрылысы басталды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі