Шымкенттегі ірі сауда орталығында оқу-жаттығу өтті

235
Оқу-жаттығу

Шымкенттегі «Метро» сауда үйі қызыл жалынға оранды. Қауіпсіздік шараларының сақталмауынан орын алған тілсіз жаумен күресуге өртті сөндіру қызметі шақырылды. Осындай мазмұнға құрылған оқу-жаттығуды өткізуге шаһардағы сауда орындарындағы келеңсіз жағдайлардың жиілеп кетуі себеп болды дейді құтқарушылар.

Оқу-жаттығуТаңғы сағат 10:00-де ғимаратта дабыл қағылды. Арнайы іс-шаралар халық көп шоғырланатын сауда қатарларында жүргізілді. Сақадай сайланған өрт сөндірушілердің бір тобы өрт шыққан жерді іздестіріп жатқанда келесі жасақ клиенттер мен сатушыларды қауіпсіз жерге шығарды. Тілсіз жауды ауыздықтауға 70 адам, 9 техника жұмылдырылды.

Бұл тұста штабта қызметкерлердің іс-әрекеті талқыланып, шұғыл шешім қабылданып жатты. Операциялар арнайы құрылған жоспар аясында іске асырылуда. Құтқарушылардың адамдарды сыртқа шығаруы да белгілі сызба бойынша жүргізіледі. Бұл ретте сауда үйінің авариялық құтқару қызметінің арнайы жасақпен өзара әрекеттесуі де маңызды. Осылайша Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері сауда орталығының оқыс оқыиғаларға дайындығын пысықтады.

Жауаптылардың сөзіне сенсек, жыл басынан бері өңірдегі сауда орындарында ешқандай оқыс оқиға тіркелмеген. Былтыр орын алған жайсыз жағдайларда адам шығыны болған жоқ деп сендіреді. Бұл жауаптылардың апатты жағдайлардың алдын алу шараларын өз деңгейінде жүргізуінің нәтижесі дейді кәсіпкерлер.

Бұл — өңірімізде жыл басынан бері сауда орындарында ұйымдастырылған алғашқы ірі оқу-жаттығу. Төтенше жағдай қызметкерлері коммерциялық нысандардың тілсіз жаумен күресу шараларын пысықтау үшін мұндай шараларды әлі жалғастырамыз деп отыр.