Сайлауда зейнеткерлер белсенділік танытуда

257

Шымкенттегі №98 сайлау учаскедегі жұмыс таңғы сағат алтыда басталды. Комиссия мүшелері мен бақылаушылар тіркеліп, күн тәртібімен танысты. Бюллетендер сейфтен шығарылып, дауыс беру жәшігіне құлып салынды.

Сайлау барысын бақылаушылар
Сайлау барысын бақылаушылар

Таңғы сағат жетіде мемлекеттік әнұран айтылып, сайлау учаскесінің жұмысы ресми түрде ашық деп жарияланды. Дәл осы кезде, алғашқы дауыс беруші келді. Әдеттегідей зейнеткерлер белмсенділік танытып, өз таңдауларын жасады.

 

Татьяна Бойко, зейнеткер: «Біз күнделікті ерте тұруды әдетке айналдырғанбыз. Жолдасым екеуміз сайлауға қатысуды мақсат еттік. Таңсәріден келіп, дауыс бердік. Өзім сайлаған депутаттан көп нәрсе күтем. Ең бастысы зейнетақымды көтеріп берсе деймін. Жалғыз менің емес, қарттарға жағдай жасаса екен деймін».

Әдетте бірінші болып келген сайлаушыларға естелік сыйлық үлестірілетін. Бұл жолы олай болмады. Комиссия мүшелерінің айтуынша, сыйлық қаралмапты. Сондықтан болар, ең бірінші болып дауыс бергендер құр қол қайтты.

Меруерт Оспанова, қала тұрғыны: «Мен халқымның болашағын ойлап дауыс беріп тұрмын. Ерте келіп, дауыс беру себебім, біріншіден, жауапкершілікке жатады. Депутаттарға деген сенім. Ал дауыс берудегі мақсатым, болашақты ойлап дауыс беріп тұрмын. Мен дауыс берген үміткер депутат болса, менің сенімімді ақтайды ойлаймын».

Әбдірахман Әшірбеков, №98 сайлау учаскесінің төрағасы: «Біздің №98 сайлау учаскемізде 915 сайлаушы тіркелген. Бүгін сағат алтыдан бастап, толық комиссия мүшелері жиналып, сағат жетіде заң бойынша сайлау учаскесі ашылып, сайлаушылар дауыс беріп жатыр. Біздің учаске бойынша облыстық мәслихатқа үш адам үміткер болып отыр. Ал қалалық мәслихатқа екі үміткер бар. Сондай-ақ, Парламентке алты партия тіркелген».

Дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Елімізде 9840 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сонымен қатар шетелде 65 сайлау учаскесі бар. Бүгінгі таңда 9 млн 791 мың 165 адам сайлаушылар тізіміне енгізілген. Ал оңтүстікте 1047 сайлау учаскесі бар.