31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

809

31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл күн Елбасының Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып аталған 1997 жылдан бастап атап өтіледі және Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие. Кезінде біздің Республикамыз миллиондаған кеңестік азаматтардың жер аударылған мекеніне айналған. «Халық жауларын» анықтау бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілген сол кездердегі қатігез саясат нәтижесінде қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да жапа шекті.

Осы кезең аралығында Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген. Нақ осы жылдары қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері атылған. Бүгін барша қазақстандықтар жазықсыз атылған, қуғынға ұшыраған арыстарды еске алып жатыр.

Атаулы датаға орай, Шымкентте қаралы шеру өтті. Шенеуніктер мен қоғам белсенділері және қуғынға ұшыраған құрбандардың туыстары «Қасірет» мемориалына гүл шоқтарын қойып, олардың әруақтарына тағзым етті. Еске салайық, сонау 1937-1938 жылдары аралығында 100 мыңнан астам қазақстандық заңсыз түрмеге тоғытылды. Тағы 25 мыңға жуық адам ату жазасына кесілді. Ал Оңтүстіктен 2 жарым мың азамат солақай саясаттан оққа ұшты. Оған қоса 7 мың адам нақақтан-нақақ Халық жауы атанды.