Шардаралықтар шегірткеден жапа шегіп отыр

570

 Шардаралық шаруалар шырғалаңға түсті. Ауылдағы әлеумет шегірткеден зәбір көріп отыр. Қазірдің өзінде зиянкестердің кесірінен 200 гектар егістік алқабы жарамсыз қалды дейді шаруалар.  Аудандық әкімдіктегілердің әзірге әрекетінен түк шықпай тұр. Гектар-гектар егістігі еш кеткен шаруалардың шағымы осындай.

Жаушықұм ауылындағы алқаптың жауы шегіртке болып тұр. Қазір егістік даласын шегіртке қаптап кеткен. Жолында кездескенін жайпап жатқан зиянкес тіпті ағаштарға да лап қойған. Ал онымен күресуге дихандар дәрменсіз. Әкімдіктен көмек күткен жұртшылықтың көңілі қазір су сепкендей басылған.

Бар базынасын айтатын атқамінерлер ауылдан алыс жүреді дейді әлеумет. Әсіресе, осындай шегіртке қаптағанда қарасын көрсетпеді деп ашынады жұртшылық. Дихандардың айтуынша, жауаптылар зиянкестердің ошағын іздеп әлі жүр. Ал мұндағы алқапта жайқалып өсіп тұрған қауын-қарбыздан түк қалмай барады деп жыларман болды жұрт.

Ал әкімдіктегілердің айтары басқа. Бұған дейін зерттеу жүргізген мамандар барлығы 13 мың 750 гектар алқаптың 4750 гектарын дәрілеу керек деп шешкен. Бүгінде соның 2 мыңға жуығын залалсыздандырып үлгеріпті. Күрделенген жағдайдың алдын алу мүмкін болмады, өйткені ауа райы жауын шашынды және қыс жылы болды дейді. Қазір зиянкестермен күресудің бар жағдайын жасап жатырмыз деген атқамінерлер алқапты дәрілеуге ұшақ жалдағанын да жеткізді. Ал жарамсыз қалған егістік туралы әкімнің айтары шаруалардың есебінен әлдеқайда аз болып шықты.

Арман Абдуллаев, Шардара ауданының әкімі: «Біздің өңірден 10 гектардай жер жарамсыз болып тұр. Диқандарға келген қаражат шығыны енді есептелінеді. Әр диқан өзінің есебін беріп жатыр. Әр шаруа өзінше есептерін жүргізіп жатыр».