Түркістан облысында шегірткеге қарсы ауқымды күрес басталады. Биыл да бұл мақсатқа бюджеттен миллиондаған ақша бөлінді. Қай аудандарда залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі? Қанша гектар алқап қамтылады? Жауаптыларға қандай тапсырма берілді?
Күн жылынса көк біткенге тап беретін зиянкес, шегірткеге қарсы күрес жұмыстары биыл да қарқынды түрде жүргізілмек. Түркістан облысында бұл жұмысқа бюджеттен 133 миллион теңге бөлінді. Нақтырақ айтқанда, залалсыздандыру жұмысы Арыс қаласы мен Келес, Сарыағаш, Шардара ауданында жүргізіледі. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен мәжілісте белгілі болды.
Дәл қазір мемлекеттік сатып алу рәсімдері басталған. Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының дерегінше, биыл 421 мың гектардан аса алқапта химиялық өңдеу жоспарланған. Десе де қаржыландыру көлеміне сәйкес оның 374 мыңнан аса гектарын қамту көзделген. Жалпы биыл шегірткеге қарсы күреске 2 мыңнан аса адам араласады деп жоспарланған.
Мәжілісте облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне шегірткеге қарсы күрес шараларын сапалы әрі уақтылы ұйымдастыруды тапсырды. Қажетті іс-шараларды қолға алып, науқанды жоғары деңгейде өткізу міндеттелді.
Айта кетейік, өткен жылы шегірткемен күреске бюджеттен 535 миллион теңге бөліген еді. Жалпы 150 мың гектарға химиялық өңдеу жұмысы жүргізілген. Аймақта жылда шегіркеге қарсы іс-шара жүйелі түрде ұйымдастырылады.
Дилара Иса






