Қайта даярлау курсы егде жастағы азаматтарды оқуға шақырады. Жұмыссыздықпен күресу мақсатында қолға алынған «Бизнестің жол картасы» аясында қаралған оқыту түрінің шарты өзгерді. Бұл бағытта бизнесін ашқысы келетін азаматтарға да қаржылық қолдау да бар.
Мамандық ауыстыру қашан да кеш емес. Өңірдің әр ауданынан келген 45 жұмыссыз тігіншілікті кәсіп етпек. Клинеттің өлшемін алу, пішу, тігу сияқты шаруаларды ұршықтай меңгеріп алған. Тазагүл Меңдібаева бұрын мұғалім болып жұмыс істеген. Жаңа кәсіпті игеруге 50 жасында кіріскенін айтады. Алдағы уақытта тігін цехын ашып, сүйікті ісінен напақа табуды ойластырып жүр. Жиырма жыл бойына тұрақты табысқа қолы жетпей қиналған Тазагүлдің бүгінде мақсаты айқын.
Бұдан былай бұл курстарға жұмыссыз жүрген 55-64 жас аралығындағы азаматтар қатыстырылады. Жыл басынан бері Шымкентте 160 адам оқуға жолдама алыпты. Жуырда қолдарына сертификат алатын бұл азаматтар шаштараз, тігінші, электрик, туристік агент мамандықтарын алып шығады.
Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарлама аясында жеке кәсібін ашықысы келетін азаматтарға да бағыт-бағдар беру көзделген. Арнайы дәрістерде болашақ кәсіпкерлер бизнес жоспар жасауды үйреніп, жобасын іске асырудың тетіктерін меңгереді. Ал қаржылық қолдау ұсынылған бизнес жоспар негізінде бекітіледі. Негізгі шарт — қатысушы ұсынған кәсіп түрі мал шаруашылығы мен егіншілік саласын дамытуға бағытталуы тиіс.
Қазір қалалық жұмыспен қамту орталығында қайта даярлау курсына қатысушылардан өтініштер қабылданып жатыр. Оқу маусым айының бірінен басталады.