Úı ANONS Түркістанда инвестиция көлемі еселеп артып жатыр

Түркістанда инвестиция көлемі еселеп артып жатыр

Түркістан облысында инвестиция тарту қарқыны жоғары. Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша өңірге 614 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 150 пайыздан асты. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде белгілі болды.

Түркістан облысы инвестиция тарту бойынша елдегі көшбасшы өңірлердің біріне айналды. Биылғы бес айда өңір экономикасына 614,2 миллиард теңге инвестиция бағытталып, айтарлықтай өсім тіркелді. Ал өткен жылдың қорытындысында облысқа тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2 миллиард долларға жуықтап, жоспар төрт есеге жуық артығымен орындалған. Аппарат мәжілісінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвесторларға қолайлы жағдай жасап, әрбір жобаны тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

 

Биылдың өзінде құны 369 миллиард теңгеден асатын 67 жоба іске асырылмақ. Оның 11-і алғашқы бес айда пайдалануға беріліп, 400-ден астам адам жұмыспен қамтылды. Бұдан бөлек өңірде ірі өндірістік жобалар да қарқын алған. Мәселен, Созақ ауданында күкірт қышқылы өндірісі мен уран өңдеу кешені кеңейтілсе, Түркістан қаласында тоқыма және текстиль өндірістері бой көтеріп жатыр. Сонымен қатар мақта өңдеу, ет және сүт өнімдерін шығару, құрама жем өндіру, мал бордақылау және құс шаруашылығы бағытындағы кәсіпорындардың құрылысы жүргізілуде.

 

Мәжіліс қорытындысында жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру барысы талқыланып, жауапты басқармалар мен аудан-қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктелді. Инвестициялық жобалардың табысты жүзеге асуы өңір экономикасын әртараптандырып жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Нұргүл Жолымбетова