Елімізде қалалар мен елді мекендерді абаттандырудың жаңа үлгілік ережелері бекітілді. Тиісті бұйрық 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Онда аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді күтіп ұстау тәртібі нақтыланып, тазалық пен тәртіпке жауаптылардың міндеттері белгіленген. Ведомство өкілдері бұл құжат жаңа талаптар енгізбейтінін, тек қолданыстағы нормаларды біріздендіретінін мәлімдеді.
Үй маңына көлік қоюға тыйым салынады деген ақпарат жалған болып шықты. Құзырлы органдардың айтуынша, жаңа ережелерде ешқандай өзгеріс жоқ. Тек бұрыннан бар абаттандыру нормаларына қайта назар аударылған. Яғни бұрынғыдай тротуарларға, балалар алаңдарына, жасыл аймақтарға, қоқыс алаңдарының жанына және арнайы тұраққа арналмаған жерлерге көлік қоюға болмайды. Мұндай заңбұзушылықтар үшін айыппұл қарастырылған. Ал жарамсыз күйдегі көліктерге қатысты тыйым өз күшінде қалады. Демек тұрғын үйлердің жанында көлік қоюға толықтай тыйым салынған жоқ.
ӘЛЕКЖАН МОЛДЫБАЕВ, ҚР ӨҚМ ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ ІСТЕРІ КОМИТЕТІ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ: «Бұл ережелер бұрыннан бар талаптарды қамтиды және тұрғындарға қиындық туғызуды көздемейді. Ал көлікті қою тәртібін қадағалау басқа мемлекеттік органдардың міндеті. Басты талап – адамдардың күнделікті өміріне кедергі келтірмеу. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ. Бұл – қолданыстағы үлгілік ережелер ғана»
Бұл ретте «жасыл желек» деген анықтама да дау тудырды. Сарапшылар оның нақты қандай аумақтарды қамтитынын талқылап жатыр.
ЛЕКСЕЙ АЛЕКСЕЕВ, АВТОСАРАПШЫ: «Бүгін Алматыда трамвайдың ескі рельстері алынбай, үстін шөп басып кеткен жерді көрдім. Ол жерде көліктер қойылып тұр. Сонда мұндай аумақты көгал деп есептейміз бе? Өйткені көгалдың нақты анықтамасы жоқ. Сондықтан бұл термин заңды әрқалай түсіндіруге себеп болуы мүмкін деп қауіптенемін»
Осылайша, құжат жаңа тыйымдар енгізуден гөрі, қолданыстағы ережелерді біріздендіруге бағытталған. Онда аулалар мен көшелердегі, сондай-ақ инфрақұрылым нысандарының маңындағы тәртіпке қатысты жауапкершілік нақты бөлінген. Сондай-ақ елді мекендерде үй жануарларын серуендетуге арналған арнайы орындар қарастырылуы тиіс. Ал жануар иелері олардың артынан тазалық сақтауға міндетті.
Лаура Бабас

