Шымкент–Сарыағаш тас жолының цементбетон жабынында ақау анықталды. «ҚазАвтоЖол» мәліметінше, жолда тексеру жүргізіліп, ақауды жою және қалпына келтіру жұмысы істелген. Учаскеге уақытша жол белгілері қойылып, қозғалыс қауіпсіздігі бақылауға алынған.
«Мынау, Шымкент-Сарыағаш тас жолы. Мына жерде Ақтастан шыққан кезде, жанар жағармай құю бекеті бар ғой оң бетте, дәл осы жерде күн ыстық, күн ыстық болған соң мына жерде жарылыс болған, қараңыздар».
Бұл демалыс күндері әлеуметтік желіде таралған видео хабарлама. Жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігіне алаңдаған видео авторы Қазығұрт ауданынан Шымкенттен шыға бергенде автожолдың жарылып, ары-бері жүру қиындағанын айтады. Әсіресе, жүргізушілерді сақ болуға шақырады.
«Күндізгі уақытта байқайсыздар, не байқамайсыздар абай болыңыздар. Байқаңыздар! Автожүргізушілерге жіберіңіздер».
Цементбетон жабыны жарылып кеткенін «ҚазАвтоЖол» растады. Компанияның мәлімдеуінше, автомобиль жолдарының жай-күйіне мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде республикалық маңызы бар «Шымкент – Өзбекстан» автомобиль жолының Шымкент – Сарыағаш бағыты бойынша 718-шақырымында цементбетон жабынының ақауы анықталған.
«Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және анықталған ақаудың одан әрі ұлғаюына жол бермеу мақсатында аталған учаскеде жедел түрде профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта мамандар жол жабынының техникалық жай-күйін тексеріп, жүру бөлігін қалпына келтіру бойынша қажетті шараларды қабылдауда. Оқиға орнында тиісті уақытша жол белгілері орнатылып, қозғалыс қауіпсіздігі жол қызметтерінің тұрақты бақылауына алынған»
«ҚАЗАВТОЖОЛ» КОМПАНИЯСЫ
Дәл қазір жол жөнделген. Бұзылған бетон қалдықтары жол жиегінде жатыр. Ал көліктер әдеттегідей еш кедергісіз ары-бері өтіп жатыр.
Дилара Иса






