Шымкентте интернет арқылы жасалатын алаяқтық көбейіп барады. Жыл басынан бері қалада 300-ден астам қылмыстық іс тіркелген. Мамандардың айтуынша, алаяқтар көбіне өздерін банк қызметкері немесе полиция өкілімін деп таныстырып, адамдарды алдап, онлайн несие рәсімдетеді. Жыл басынан бері тұрғындардан осындай жолмен 767 миллион теңге шығын келген. Құзырлы орган өкілдері азаматтарды бейтаныс адамдардың қоңырауына сенбеуге және жеке мәліметтерін ешкімге бермеуге шақырады.
Дәл қазір ең көп тіркеліп жатқан қылмыстардың алдыңғы қатарында – алаяқтық ісі тұр. Шымкентте жыл басынан бергі 5 айда 300-ден аса интернет алаяқтық тіркелген. Оның 140-ы сотқа жолданып, қалғаны тергеліп жатыр. Мамандар қылмыстың көбеюін интернетпен байланыстырады. Соңғы уақытта алаяқтар көбіне банк қызметкері не құқық қорғау органдары атынан сөйлесіп, онлайн несие рәсімдейтін болған.
Алаяқтық жасағандар мен алданғандардың жасы да әртүрлі. Арасында балалар, зейнеткерлер де бар. Олардың негізгі құралы сенімге кіру және қорқытып алу дейді мамандар. Жалпы жыл басынан бері алаяқтар алдап алған ақшаның көлемі 767 миллионға жеткен.
Мақсат Шегірбайдың айтуынша, алаяқтардың дерлік барлығын орысша сөйлеседі. Алданып сан соғудың негізгі себебі қаржылық сауаттылықтың төмендігінен дейді.
Айта кетейік, алаяқтық жасағандар Қылмыстық кодекстің 190-бабымен жазаланады. Онда бас бостандығынан шектеу және айыру жазасы қарастырылған.
Дилара Иса






