Úı ANONS Түркістанда кәсіпкерлер саны артты

Түркістанда кәсіпкерлер саны артты

Түркістан облысында кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Қазір өңірде 200 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілі жұмыс істейді. Аймақ кәсіпкерлік және  сауда көлемі бойынша республикадағы үздік үш өңірдің қатарына енген. Кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетіліп жатыр? Қандай жаңа мүмкіндіктер бар?

 

Бүгінде Түркістан облысында   200 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкер жұмыс істейді. Аймақ сауда саланысда да алдыңғы қатарда. Қазақстан бойынша үштіккен енген. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Кәсіпкерлік және сауда саласындағы  өзекті мәселелер мен алдағы міндеттер талқыланды. Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының мәліметінше, аймақта кәсіпкерлік жобаларды сүйемелдеу, оны қаржылай қолдау және өндірістік алаңдар арқылы жаңа жұмыс орындарын  ашу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

 

Мәжіліске қатысқан облыс әкімі Нұралхан Көшеров кәсіпкерлікті қолдау жұмыстарын пысықтады. Сонымен бірге өндірістік жобаларды уақтылы іске асыруды, инвестиция тарту қарқынын арттыруды және жергілікті өнім өндірушілердің үлесін көбейтуді тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстар қатаң бақылауда екенін ескертті.

 

Жалпы аймақта кәсіпкерлікті дамыту және өндіріс орындарын ашу бағытында қолға алынған жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр. Мемлекеттік қолдау бағдарламалары мен өндірістік алаңдардың арқасында жаңа жобалар іске қосылған. Нәтижесінде жүздеген жаңа жұмыс орны ашылып, өңір экономикасының дамуына серпін берілуде. Алда бірқатар ірі өндірістік жобаларды жүзеге асыру арқылы кәсіпкерлікті қолдау және жергілікті өнім өндірушілердің үлесін арттыру мақсаты тұр.

Дилара Иса