Úı ANONS Аллергия өршіп тұр: Түшкіру, мұрынның бітелуі, көздің жасаурауы

Аллергия өршіп тұр: Түшкіру, мұрынның бітелуі, көздің жасаурауы

Аллергиялық аурулар өршіп тұр. Соңғы уақытта түшкіру, мұрынның бітелуі, көздің жасаурауы секілді белгілермен дәрігерге жүгінетіндер көбейген. Мамандар мұның басты себептерінің бірі ауадағы шаң-тозаң мен кейбір гүлді өсімдіктердің гүлдеуімен байланыстырып отыр. Сонымен қатар, маса мен шыбын-шіркей шаққаннан кейін де аллергиялық реакциялар туындауы мүмкін. Ал оның алдын алу үшін не істеу керек? 

 

Күн ысығалы бері, түшкіру, мұрынның бітелуі, көздің жасаурауы мен тыныс алудың қиындауы секілді белгілерге шағымданатын тұрғындар саны артқан.  Мәселен,  күн сайын емханаларға аллергия белгілері бойынша кеңес алуға онға жуық адам жүгінеді. Олардың арасында маусымдық аллергия алғаш рет байқалған тұрғындар да бар. Солардың бірі, 18 жастағы Айдана Парманова. Оған дәрігерлер түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тиісті ем-дом шараларын жазып берді.

 

АЙДАНА ПАРМАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Менде негізі аллергия жоқ еді. Соңғы уақытта түшкіру белгілері болған соң, келген едім. Дәрігерлер рецепттерін жазып беріп, оңалдыру шешімдерін айтқан болатын. Негізі адамдар өз бетінше ем алған дұрыс емес».

 

Сонымен қатар, мамандар шыбын-шіркей мен маса шаққаннан кейін де аллергиялық реакциялар туындауы мүмкін екенін ескертеді. Кейбір адамдарда терінің қызаруы мен қышынуы ғана байқалса, енді бірінде аллергия асқынып, ісіну немесе тыныс алудың қиындауы сияқты ауыр белгілерге ұласуы ықтимал.

 

МАЙРА КЕНЖЕҒҰЛОВА, АЛЛЕРГОЛОГ-ДӘРІГЕР: «Инсектная  аллергия дейміз. Жәндіктерге аллергия. Көптеген науқастарға берілуі мүмкін. Мысалы оның ішінде маса бар. Қырықаяқ, шаян, сарышаян сияқты жәндіктер шаққан аллергиялық реакция дамуы мүмкін.  Осындай жәндіктер шаққан кезде қатты аллергия беріп, жедел жәрдеммен аураханаға көмекке келулері де мүмкін. Кейде ауыр жағдайда анафилактикалық шок берсе, ауруханаға жатқызылуы да мүмкін».

 

Сондықтан дәрігерлер аллергияның алғашқы белгілері байқалған жағдайда өз бетінше ем қабылдамай, міндетті түрде маманның кеңесіне жүгінуге шақырады. Себебі уақтылы қойылған диагноз бен дұрыс ем аллергиялық асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ аллергияға бейім жандарға шаң-тозаң көп жерлерде ұзақ жүрмеуге, қорғаныш құралдарын қолдануға және дәрігер ұсынған ем-домды сақтауға кеңес береді.

Нұргүл Жолымбетова