Биыл Оңтүстіктегі «Ордабасы құс» фабрикасы 10 мың тоннаға жуық күркетауық етін шығаруды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде шетелдік өндірушілердің Қазақстан нарығындағы салмағын азайтады дейді өнідіріс басшылығы.
Қазақстанның құс өсірушілер одағының мәліметтері бойынша, халықтың бұл азық-түлік түріне деген сұранысы жылына 350 мың тоннаны құрайды. Бес жыл бұрын қолданылатын құс етінің үштен бірі ғана өзімізде өндірілсе, бүгінде бұл көрсеткіш 50 пайызды құрап отыр. Өнімнің 60 пайызы ішкі нарықты қамтыса, 40 пайызы экспортталуда.
Фабрикада күркетауық етінен түрлі өнім өндіріледі. Өнімдерге қосымша дәмдеуіштер қосылмағандықтан, сапасы да жоғары. Фабрикада шұжық цехынан бөлек жеңсік өнім шығаратын бөлім де жұмыс жасайды. Тіпті, күркетауықтың етінен қазы да жасалады. Оған сұраныс жоғары.
Кезең кезеңімен өндірісін кеңейтуге бағыт алған «Ордабасы құс» фабрикасында құстарға қажет құрама жем өндіру зауыты жұмыс істейді. Қажетті минералдарға бай құс азығы замануи озық технологиялық жабдықтармен жабдықталған өндірісте әзірленеді.
Бүгінде серіктестік Ордабасы ауданының 400-ге жуық тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Отандық өнім шығаратын кәсіпорын өз қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға табыс көзінен қомақты қаржы жұмсайды.