Шымкенттіктер жоғары кернеулі бағаналардан қауіптенеді

Шымкенттіктер жоғары кернеулі бағаналардан қауіптенеді

Шымкенттіктер жоғары кернеулі бағаналардан қауіптенеді. «Хамза» шағынауданының тұрғындары бұл мәселені талай рет көтеріп, тиісті орындарға шағымданған. 50 жыл бұрын тұрғызылған темір бағаналар бүгінде аласарып кеткен. Сондай-ақ, тасжолға жақын орналасқан бағаналар талай рет жол көлік апатына да негіз болған.

Шымкенттіктер жоғары кернеулі бағаналардан қауіптенеді

Мақталы және Құрманбеков көшелері тұрғындарының бас ауруына айналған жоғары вольтты элект желілері өткен ғасырдың 66-жылдары тұрғызылған. Оларды алып тастау үшін осы азаматтардың ата-аналары да жылдар бойы жауаптыларға хат жазып, талай табалдырықты тоздырыпты. Алайда бәрі де нәтижесіз. Қазір бұл аумақта 100-ден астам үй бар. Күн сайын көлік апаты көбейіп, жағдай ушығып барады дейді халық.

Шымкенттіктер жоғары кернеулі бағаналардан қауіптенеді

Зүлпия Ешанқұлова, қала тұрғыны: «Жүгіргенімізге 5-6 жыл болды. Әкімдердің есігін тоздырдық. Көшеміздің дәл ортасында жоғары кернеулі тоқ жүрген. Ол бізге де, балалардың денсаулығына да зиян. Төрт аяқты үлкен-үлкен бағаналар да ары-бері машинаның жүруіне кедергі болды. Бұл жерде 1974 жылдан бері тұрып жатырмын, содан бері 20-дан астам жол апаты болды. Жақында ғана көлік апатынан төрт адам қайтыс болды. Бұл бағаналарды алып тастау бір проблема. Айтып жатырмыз, барып жатырмыз — ешбір нәтиже жоқ.»

Кезінде бұл бағаналар қорғасын зауыты үшін арнайы орнатылған. Ал қазір ол зауыттың тек қаңқасы қалған. Бұл жүйеден бүгінде 10 мыңнан астам тұтынушы электр қуатын пайдаланып отыр. Тек, үреймен. Бір күн болмаса бір күні үзіліп немесе құлап, талай адамды опат қылады деп қорыққан тұрғындар электр сымдары жер астымен жүргізілсе деп отыр. Ал жауапты мекеме басшылығы бағаналардың орналасуы талапқа сай дейді.

Шымкенттіктер жоғары кернеулі бағаналардан қауіптенеді

Арқабай Тастанов, «Оңтүстік жарық транзит» мекемесінің техникалық директоры: «Мына тұрғындардың бағандарды алып тастап, сымды жер астымен жүргізсін деген сұранысы жақын күндері іске аспайды. Өйткені, «Оңтүстік жарық транзит» — жекеменшік компания және бұл жұмыстарға қаражат қарастырылмаған. Ал денсаулыққа зиянды дегендері шындыққа жанаспайды.»

Бір қызығы, электр бағаналары бар көшелерде дала шамдары орнатылмаған. Кешке жарығы жоқ, күндіз желілері дыңылдап тұратын қиылыста бірде-бір жол белгісі немесе жаяу жүргіншілер жолағы да жоқ. Ата-аналар балалары үшін алаңдайды. Алдағы 10 күнде қандай да бір шешім қабылданбаса, өзге мекеме, ұйымдарға да жетеміз дейді тұрғындар.