«Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі Оңтүстік өңіріндегі тұрғын үй құрылысы мен кәсіпкерлік салаларын дамытып, қолдауға дайын. Холдинг басқармасының төрағасы Ерболат Досаев Оңтүстікте жасаған іс-сапары кезінде осылай деді.
Облыстық әкімдікте өткен өңірдегі тұрғын үй құрылысы мен кәсіпкерлікті дамыту бойынша жиында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының арасында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған ортақ меморандум түзілді. Сондай-ақ, жобаларды қаржыландыруға әзірлеу аясында «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС-мен меморандумға қол қойылды.
— Үкіметтің негізгі мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларын жүзеге асыруда қаржылық операторы болып табылатын «Бәйтерек» холдингі мемлекеттік индустриалды-иннновациялық даму бағдарламасы аясында 2020 жылға дейінгі индустриалды жобаларды қаржыландырып, мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасының тұрғын үй құрылысы жұмыстарына қатысады, — деді Ерболат Досаев. — Сонымен бірге «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы шеңберінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетеміз.
Еліміздегі әр бесінші бала Оңтүстік Қазақстан облысында туылатынын ескерсек, үй кезегінде тұратын азаматтардың саны көп екені анық. Бүгінде өңірімізде 43 мыңнан астам азамат үй кезегінде тұрса, бұл көрсеткіш бойынша облыс Астанадан кейінгі екінші орында тұр.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі өңірдегі кәсіпорындардың дамуына септігін тигізген «Бәйтерек» холдингінің басшылығына алғысын білдіріп, алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруда, оның ішінде тоқыма кластерін дамытуда бірлесе жұмыс жасауға шақырды.