Жаңа жыл қарсаңында мерекелік іс-шаралар жалғасуда. Соның бірі — Еңбекші ауданы әкімдігінің қызметкерлері ауданның көркеюіне сүбелі үлес қосқан, ең белсенді үй төрағалары мен төрайымдарының басын биыл да қосты. Билік өкілдері өздерімен бірге жұмыс істеп, мемлекеттің саясатын жүзеге асыруға атсалысып жүрген қоғам белсенділерін ұмыт қалдырмай, осылайша салтанатты жиында құрметтеді.
Еңбекші ауданының әкімдігі жылдың соңында ең белсенді үй төрағалары мен төрайымдарының басын қосуды дәстүрге айналдырған. Экономикалық қиындықтарға қарамастан әкімдік өкілдері демеушілердің қолдауымен қоғамдық өмірге етене араласқан көмекшілерге шағын сыйлықтарын табыс етті.
Мерекелік іс-шараға Еңбекші ауданы аумағына қосылған Жұлдыз, Қазығұрт пен Каратобе шағынаудандарының белсенділері де арнайы шақырылды. Өз кезегінде үй, көше төрайымдары мен төрағалары тұрғындардың атынан әкімдік қызметкерлеріне алғыс айтып, жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Ауызбіршілігі жарасқан Еңбекші ауданы әкімдігі мен белсенділердің алар белестері алда. Келер жаңа жылға түзген жоспарлары жобалары жүзеге асатынына нық сенім бар.