Шымкентте әдеттен тыс ән кеші өтті

Шымкентте әдеттен тыс ән кеші өтті

Шымкентте әдеттен тыс ән кеші өтті. Бұл кешке арнайы Алматыдан бір топ музыкант шақырылған. Бұл – «Дегдар» қоғамдық қорының ардагерлерге арнап ұйымдастырған қайырымдылық шарасы.

Алматылық өнерпаздар шымқалалық көрерменді әсем әнге бөледі. Кешті елге жақсы танымал пианиношы, профессор Тимур Урманчеев ашып, жүргізіп отырды. Ол бастаған аспапты үштік қазақ күйлерінен бастап, Верди сынды әлемге әйгілі классиктердің шығармаларын орындады.

Музыканттар қатарында скрипкашы, Оңтүстіктің тумасы, ақын Исраил Сапарбайдың ұлы Еркебұлан Сапарбаев та бар. Олар 6-8 нөмір әзірлеп әкеліпті. Ал опера жанрында ән шырқаған Гүлзада Дәуірбекова да – біздің жерлесіміз. Ол бүгінде Абай опера және балет теартының жетекші солисті.  Әнші сахнада көңіл толқынысын жасыра алмай, көз жасына ерік берді.

Шымкентте әдеттен тыс ән кеші өтті

Филармония залына жиналған ерекше кеш көрермендерге ұнағаны олардың белсенділігінен байқалады. Арасында мәдениет саласының қызметкерлерімен қатар балалар да, қариялар да бар.

«Времен связущая нить» деп аталатын қайырымдылық жобаның мақсаты – түрлі буын өкілдерін музыка арқылы біріктіріп, жастардың ардагерлерге деген құрметін арттыру. Кеш аяқталысымен әртістер қоштасуға асыққан жоқ. Көрермендерден гүл шоқтарын алып, ыстық лебіздерімен алмасып жатты. Олар туған өлкеге жиі шақырса деген тілектерін білдірді.