Универсиада алауы Оңтүстік жерінде

551
Алау эстафетасының Оңтүстіктегі мәресі Наурыз алаңына белгіленген. Алауды мәреге сағат 15:00-де ауыр атлетикадан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл әкелді.

XXVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың Алауы қаңтардың соңғы сенбісінде Оңтүстікке жетті.  Әлемге белгілі спортшыларымыз бен 12 жоғарғы оқу орнының студенттерінен құралған жалпы 60 алаугер Шымқала  аспанынан төгілген жаңбыр астында Универсиада Алауын алып жүрді. Шымкенттің орталық көшелеріндегі көлік қозғалысы бір сәтке тоқтатылып, Алау эстафетасының ақ-қызыл киінген қатысушылары 12 шақырымды жүріп өтті. 

10:00-де Әл-Фараби алаңында облыс әкімі Ж. Түймебаев Универсиада алауын қабылдап, алау қазанын жақты. Фото: Самат Мырзалиев
200 метрді жүгіріп өткен әкім алауды даңқты көркем гимнастшы Әлия Юсуповаға табыстады.
Фото: Самат Мырзалиев
Әлия Юсупова бастап берген Алау эстафетасы әр 200 метрден кейін қолдан-қолға өтті. Фото: Самат Мырзалиев

 

Қатысушылардың қатарында «Отырар-TV» телеарнасының спорт журналисі Сарбиназ Алдабергенова да бар.
Б. Момышұлы көшесі, Тәуке хан даңғылы мен А. Байтұрсынов, Желтоқсан көшелерін бойлаған Алау эстафетасы сағат 12:00-де Д. Қонаев даңғылына әкелінді. Бірінші кезеңді көркем
гимнастшы Сәбина Әшірбаева аяқтады.
Сағат 14:00-де Д. Қонаев даңғылында жалғасқан екінші кезеңді жасы 80-нен асқан спорт ардагері, облыстың Құрметті азаматы Махамбет Баймырзаұлы Сапарбаев бастап берді.
Эстафетаны белгілі боксшы Мұхтархан Ділдәбеков жалғады.
Алаугерлер қатарында ҚР еңбегі сіңген спорт шеберлері Андрей Макаров, Біржан Жақыпов, Мырзағали Айтжанов, Мұратбек Қыпшақбаев та болды.
Алау эстафетасының Оңтүстіктегі мәресі Наурыз алаңына белгіленген. Алауды мәреге сағат 15:00-де ауыр атлетикадан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл әкелді.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев алауды алматылық өкілдерге табыстады.

Дайындаған, фотосуреттерді түсірген – Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат» газеті,

№5, 01.02.2017