Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қазақстанның білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевпен кездесті. Жүздесу барысында Елбасы жолдауында жүктелген білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы талқыланып, білім беру мазмұнын жаңартудың негізгі бағыттары жөнінде сөз қозғалды. Ерлан Кенжеғалиұлы базалық оқулықтар әзірлеуге қатысты министрлік жүргізіп жатқан реформалар туралы да айтып берді.
— Елімізде білім саласына ерекше мән беріліп отыр. Жаңа заманға сай талаптар ретімен енгізілуде. Біз осындай қадамдар арқылы Қазақстандағы білім беру жүйесін күтілген стандарттарға жеткіземіз. Тағы бір жаңалық — электронды портал. Бұл өз кезегінде мұғалімдерді қағазбастылықтан босатады. «Күнделік» порталы мен оқушылардың ҰБТ және басқа да емтихандарға дайындалуына көмекші құрал болатын «Вilim Land. Kz» интернет порталы іске қосылып отыр. Мектептерді интернетпен және интерактивті тақталармен қамту да басты назарда болады, — деді Ерлан Кенжеғалиұлы.
Білім және ғылым министрлігі биылдан бастап жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдерін аттесттаудың жаңа қағидаларын әзірлеп шықты. Бұдан бөлек балабақшаларда, мектептерде, колледждерде және жоғарғы оқу орындарында мемлекеттік бақылау шеңберінде тәуекелдерді бағалау жүйесі бойынша жаңа тәсілдер қолданыла бастады.
Оңтүстік Қазақстан облысы — еліміздегі оқушылары ең көп өңір. Жыл сайын мектеп табалдырығын аттайтын балалар саны 30 мыңға көбейіп отыр. Жылына орташа есеппен 80 мыңға жуық нәресте туылады. Сондықтан да өңірде мектеп тапшылығы туындауда.
— Жалпы, бүгінде облысымызда 1021 мектеп бар. Алдағы 5 жылда 205 мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Елбасымыздың жолдауын іске асыру — баршамызға міндет. Осы орайда еліміздегі білім мен ғылым жүйесінің алдағы реформаларын бірлесе атқаруға ниеттіміз. Өзімнің осы саладағы тәжірибем мен білімімді бөлісуге қашанда әзірмін, — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Айта кетейік, облысымызда «Балапан» бағдарламасы аясында 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту мәселесі басты назарға алынып отыр. Алдағы 3 жылда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында балабақша санын көбейту жоспарлануда.
Кездесу соңында білім және ғылым министрлігі мен облыс әкімдігі Оңтүстік өңіріндегі білім саласындағы күрмеулі мәселелерді бірлесе шешуге уағдаласты.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі