Шымкенттегі жастар ресурстық орталығында «Отбасы — бақыт мекені» облыстық ата-аналар форумы өтті. Облыстық білім басқармасы ұйымдастырған іс-шараға қатысқан ата-аналар, тәрбие әдіскерлері мен сынып жетекшілері бұл тақырыптың өзектілігін атап көрсетті. Олар жаһандық даму үдерісіне негізделген өркениетті қоғамда ұлттық құндылықтардан алыстап, өкінішке қарай, бала тәрбиесін біршама босаңдатып алдық дейді.
Соның салдарынан қазіргі жастар тәрбиесінде қазақы тәрбие мен ұлттық мінздің орнына батысқа еліктеген бет-алды еркіндік, ұсақтық пен қатігездік, салғырттық пайда болды. Осы келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында форумға жиналғандар ата-аналарға үндеу қабылдады. Оның мәні — әке мен ананың жауапкершілігін күшейту.