Оңтүстікте «Отбасындағы зорлық зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасы басталды

738
Оңтүстікте «Отбасындағы зорлық зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасы басталды

Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көбеймесе азаймай отыр. Осыған байланысты Қазақстанның бас прокуратурасы «Отбасындағы зорлық зомбылықсыз Қазақстан» атты алғашқы жобаны қолға алды. Енді отбасы «тирандарына» қарсы күрес күшеймек. Ал келешекте елімізде отбасы министрлігі құрылуы да бек мүмкін. Қанатқақты жобаның көздегені не, отбасына зәбір көрсететіндерге тосқауыл қоя ала ма?

Аталған жобаның алдымен біздің облысымызда қолға алынуы да тегін емес. Өйткені отбасындағы зорлық-зомбылық күнгейде күн өткен сайын артып отыр. Тұрмыста теперіш көргендерге қатысты 500 факті тіркеліпті былтыр. Күніне 12 әйел отағасынан зәбір көреді екен. Бірақ, ағайын-туғанының сөзінен аяқ тартып, ашық жариялайтындар аз көрінеді. Былтыр отбасындағы қылмыс салдарынан 36 әйел, 1 бала қайтыс болған. Күнгейде балаларға жасаған жыныстық зорлықтың 74 пайызы таныстарынан, 22 пайызы әкелерінен зорлық көрген. Азапқа шыдай алмағандардың арасында 4-мыңға жуық әйел, 586 бала өз өзіне қол жұмсаған. Соның салдарынан 742 әйел өлім құшып, 175 жасөспірім қыршынынан қиылған.

Андрей Кравченко, бас прокурордың орынбасары: «Күзге салым облыста жүргізілген жұмыстардың сараптамасына қарай отырып жаңа заң дүниеге келмек. Оның басты көздеген мақсаты — азаматтарды тұрмыстағы зорлық зомбылықтан сақтау болып табылады. Жаңа заңдағы басты басымдық мәселенің салдарымен емес, себебімен күресу. Яғни, жағдай шиеленісіп кетпей тұрып алдын алу керек.»

Тұрмыстағы теперіштің басым бөлігі мас халде жасалатыны белгілі. Осындай дерекпен қолға түсіп, мәжбүрлеп емдеуге жатқызылғандарға үкімет 1 млн теңгеден артық қаржы жұмсайды екен. Алайда нәтиже нөлге тең. Сондықтан отбасын құрсауда ұстап отырғандардың екі аяғын бір етікке тығатындай заң баптары қатаңдатылмақ.

Салтанат Тұрсынбекова, «Отбасындағы зорлық зомбылықсыз Қазақстан» жобасының жетекшісі: «Барлық ауруға анальгин ішкендей, өңірлердегі басқармалар қосылып бір флешмобты, немесе дөңгелек үстелді өткізіп, прфилактиканы да, әлеуметтік көмекті де бір көрпемен жаба салады. ОҚО әкімдігімен бірлесе отырып, жұмыс тобы зорлық-зомбылыққа қарсы күреске бөлінетін тиімді мақсатты қаржыландыру, олардың жұмсалуын бақылау механизмдерін қалыптастырады.

Құрамында бірнеше министрліктің мамандары бар топ алдағы күндері Шымкентте және Сарыағаш аудандарында мониторинг жасап, алдын алу жұмыстарын жүргізіп, үгіт-насихатпен айналыспақ. 1 ай бойы. Аталған мәселенің алдын алу үшін ауыл «академиктері» — ата-әжелердің кеңесіне салмақ салып көрмек. Алайда топ мүшелері бүгінгі жаһанданып кеткен ұрпақтың сөзге тоқтайтынын естен шығарған сыңайлы. Әкімнің сөзінше айтсақ, «100 жыл бұрын большевиктер қозғаған мәселе әлі де нәтижесін бермей отыр». Аталған жоба тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің көз жасын құрғатуға жараса болар. Тек күркіреп басталып, күмілжіп тоқтап қалмаса болғаны…

Гүлжан Көшерова