Шымкентте ерекше бағдаршам жұмыс істеп тұр

771
Шымкентте ерекше бағдаршам жұмыс істеп тұр

Алғашқы интеллектуалды. Шымкенттегі көше қиылыстарының біріне бағдаршамның жұмысын өз бетімен реттей алатын бірегей қондырғы орнатылды. Жүйені сатып алып, орнату жұмысына қала қоржынынан 12 млн теңге жұмсалған. Дегенмен, жобалаушылар бұл жүйе өзін ақтайды дейді.

Шымкентте тәжірибе ретінде өзгеше бағдаршам Арғынбеков-Жібек жолы көшелерінің қиылысында орнатылған. «Асия-трафик» жобалаушы компаниясының өкілдері жергілікті шенеуніктерге электронды құрылғының жұмыс істеу принципін түсіндірді.

Шымкентте ерекше бағдаршам жұмыс істеп тұр

Енді осы қиылыстағы қозғалыс екі бағыттағы көліктердің бар-жоғына байланысты реттеледі. Нақты айтқанда, қосалқы дәрежелі Арғынбеков көшесінде көлік пайда болса, қиылыста орнатылған камера оны белгілеп, бағдаршамға белгі береді. Сөйтіп, Арғынбеков көшесіндегі қозғалысқа бағдаршамның жасыл, ал Жібек жолына қараған бетте қызыл түсі жанады. Жаяу жүргіншілерге қатысты да солай. Барлық процесс автоматтандырылған.

Бұл қиылыста көлік кептелісі болмауы керек деп сендіреді жобалаушылар. Ал бола қалған жағдайда қозғалысты реттеуге тапсырыс берушінің смартфонына орнатылған бағдарлама көмектеседі. Экранды басып, бағдаршамның түсін қажет бағытқа жағуға болады. Енді Шымкенттің 200-ден астам бағдаршамы бар өзге қиылыстарына осындай қондырғы орнату мәселесі осы жүйенің қалай жұмыс істеуіне байланысты шешіледі.