Шөптің арасына сора еккен…

714

Күнгейлік тәртіп сақшылары күдіктінің ауласынан бір мая шөптің арасына жасырылып егілген сораны тапты. Мақтарал АІІБ қызметкерлері жедел-іздестіру шарасы барысында жергілікті жұмыссыз азаматты құрыққа іліндірді.

Жіті тексеру барысында полицейлер күдіктінің қуылығына құрық бойламайтынын аңдап, таң қалысты. Өйткені оның ауласында жиналып тұрған бір мая шөп сырт қарағанда кәдімгі мал азығы сияқты болып көрінгенімен, ара-арасына сораны жақсылап жасырып егіпті. Сырт көзге байқалмайды да…

Заттай дәлел ретінде жалпы салмағы 1,5 келі болатын 6 түп сора және 130 гр. кептірілген марихуана тәркіледі. Күдіктінің үйін тінтіп шыққан тәртіп сақшылары қағазға оралған 15 гр. болатын есірткі заттарын қолға түсірді. Суық қаруға жататын екі қанжар да қоса табылды.

Аталған жәйт бойынша Мақтарал АІІБ қызметкерлері ҚР ҚК 4 бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Зертханалық тексеру тағайындалды. Күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.

Жыл басынан бері ОҚО ІІД тарапынан жүргізілген шаралар барысында есірткі заттарына жататын өсімдіктерді өсірумен айналысып, қолға түскендердің қатары 80-нен асып жығылады. Заттай айғақ ретінде 4,5 тонна есірткі тәркіленген.