Шымкентте «Ақын мен әнші» кеші өтті

350
Шымкентте

Көрген де – арманда, көрмеген де – арманда. Республиканың және өңіріміздің танымал әншілері мен ақындары бір сахнада өнер көрсетті. Былтыр қанат қаққан «Ақын мен әнші» жобасы Шымкентке келді. Белгілі әнші Роза Әлқожаның бастамасымен 20 ақын және оннан астам әнші осылайша Оңтүстік тұрғындарын қуантты.

Көңіл сергітер, жан семіртер кешті әнші Роза Әлқожа мен ақын Мирас Асан жүргізді. Бұл концерттің орны басқаларынан өзгерек. Шаттықты шараның шымылдығын тізгіншілер сценариймен емес, қайта сыршыл сезімге толы поэзиямен өріп, әсем әнмен жалғады.

«Ақын мен әнші» жобасының көздегені – жыр жүйріктері мен күміс көмей өнерпаздардың басын бір арнаға тоғыстыру. Солай болды да. Жырымен жұртты жылытып Ханбибі Есенқарақызы сахнаға шыққанда поэзияны аңсаған көрермен демін ішке тартты.

Ал әншілер сахнаға өз алдында шыққан ақынның кез келген өлеңінен өрнек туғызып, әннен шашу шашты. Мысалы Ханбибі ақынның «Нұрикамалын» Бағлан Әбдірайымов жанды дауыспен, жоғары деңгейінде орындап, халықтың қошеметіне бөленді.

Ақыл-ойын ән билеп отырған ел көңілін қазақтың қонақжайлылығы туралы жыр шумақтарын оқыған Мұхтар Құралов еліктірді.

Осылайша бұл кеште өлең мен ән бір арнаға тоғысты. Қонағын құдайдай сыйлайтын күнгей халқы жұлдыздардан қошеметін аямады. Алған әсерлері мол.

Аталмыш жоба алғаш рет Қарағанды қаласында 2016 жылы тұсауы кесілген еді. Міне, бұл жолы Оңтүстікте ұйымдастырылып отыр. Ал үшінші кеш Сыр елі Қызылордада өтетді деп жоспарлануда.

Әлия Әділбек