2016 жылы қолданысқа берілуі тиіс Бозарық электр станциясының құрылысы биыл да аяқталмайды. Бұл қосымша станция шаһардың солтүстік бөлігін жарықпен қамтамасыз ету тиіс болатын. Алайда бюджеттен бөлінген 4 млрд теңгені алған мердігерлер өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармаған. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкенттің жаңа әкімі Нұрлан Сауранбаевты тағайындап, бірнеше жауапкершіліктің жүгін артқанда дәл осы электр станцияның құрылысын қадағалауды тапсырған болатын.
Терең шұңқыр ішінде өту қуаттылығы жоғары желіні тартып жатқан жұмысшылардың айтуынша, мұнда сағатына 10 мың киловат тоқ келеді. Ал оның қаланың солтүстік бөлігіндегі барлық шағынаудандарға сапалы жарық жеткізуге мүмкіндігі мол. Әзірге Шымкент қаласының солтүстік бөлігіне сапалы электр энергиясын тарататын қосалқы станция жоқ. Барлығы оңтүстік бөлікте.
Алексей Чичерин, «ЭЛМО» АҚ инженері: «Біз жүргізіп жатқан желілер Астана-1 және Астана-2 шағынауданында орналасқан Бозарық орамына барады. Одан әрі солтүстік бөліктегі барлық елдімекендерге таратылады.»
Өкінішке қарай, бұл желілерда биыл электр тоғы болмайды. Мердігер «Шымкентхиммонтаж» мекемесі құрылысқа тапсырыс беруші қала әкімдігімен соттасып жатыр. Әзірге екі рет сот отырысы болған, бірақ, әлі жалғасуы мүмкін. Екі арадағы келіспеушілікке құрылысқа қолданатын материалдардың қымбаттап кетуі себеп болыпты.
Бұл мәселеден облыс әкімі Жансейіт Түймебаев та құлағдар. Сол себепті қалаға жаңа тағайындалған әкім Нұрлан Сауранбаевқа осы мәселені шешуге тапсырма берді.
Алдағы уақытта куатылығы 160 мың кВт қосалқы станцияның құны тағы өсуі мүмкін. Себебі уақыт созылған сайын материалдардың бағасы да қымбаттап барады. Мысалы, бұрын 6 млрд теңгеге бағаланған нысан құрылысының құны енді 7 млрд теңгене бір-ақ жетіпті.
Нұрлан Күдерұлы