Депутаттар қосалқы станцияның құрылысына алаңдайды

334
Депутаттар қосалқы станцияның құрылысына алаңдайды

Облыс орталығының солтүстік бөлігін сапалы жарықпен қамту үшін арнайы Астана-1 және Астана-2 қосалқы станциялар салынып жатыр. Бүгін белгілі болғандай, қос станцияның құрылысын жалғастыру үшін 3,3 млрд теңге қажет. Облыстық мәслихаттың депутатары бұл қаржыны бөлуді қанағаттандырды.

Бірақ, қаржы бөлген халық қалаулыларын құрылыс қарқыны алаңдатып отыр. Құрылысы екі жыл бұрын басталып, әлі пайдалануға берілмеген Бозарық станциясының күйін кешіп қалмай ма деген қауіптерін де жасырмады.

Астана-1 және Астана-2 қосалқы станцияларының құрылысы 7 млрд теңгеге бағаланған .Мердігер «Электромонтаж» серіктестігі нысанның жер қазу жұмыстарын 2016 жылдың соңында бастап, 600 млн теңгені игерген. Ал биылға бар болғаны 500 млн теңге қаралыпты. Бөлінген қаражат маусымда толық игеріліп, мердігер осы күнге дейін өз ақшасына жұмыс істеген көрінеді. Нәтижесінде бюджеттің мердігер мекемеге берешегі 3,3 млрд теңгеге жетіпті. Мамандардың айтуларынша, қаржының басым бөлігі электр қондырғыларына жұмсалған.

Депутаттар қосалқы станцияның құрылысына алаңдайды

Бұл екі станцияның жұмысы алдағы жылдың мамыр айында аяқталуы тиіс. Десе де бұл қосалқы станциялар электр қуатын алатын Бозарық станциясының мәселесі мәз емес. Құны 6,4 млрд теңгеге бағаланған нысанның 5,4 млрд теңгесін алған мердігер «Химмантаж» ЖШС құрылысқа тапсырыс беруші ТҮКШ бөлімімен соттасып жатыр.

Нәтижесінде қуаттылығы 110 кВт екі подстанцияны қосатын көзі болмауы әбден мүмкін. Ал қала басшылығы қуаттылығы 160 кВт Бозарық және қуаттылығы 110 кВт Астана подстанцияларының құрылысы бір мезетте аяқталатынына сенімді.

Осылайша екі бірдей нысанның іске қосылуы Бозарық қосалқы станциясына байланысты болып тұр. Жауаптылардың жоспары іске асса, Шымкент-сити шағынаудыны мен Тұранда тұратын ағайын сапалы жарыққа қол жеткізері анық.

Нұрлан Күдерұлы