Шымкенттіктерді сапалы электр жарығымен қамту бағытында жұмыс қызу жүруде

297

Көп жылдар бойы сапалы электр қуатына жарымаған Самал -3 шағынауданы тұрғындарының мәселесі шешімін табатын болды.

Бұдан бөлек, қаланың іргесіндегі елдімекендерді сапалы электр жарығымен қамту мақсатында сақалды құрылысқа айналған Бозарық электр станциясы да ағымдағы жылы пайдалануға тапсырылмақ.

Шымкенттегі Самал 3 шағынауданында қаз – қатар орналасқан жаңа бағаналар бірден көзге түседі. Жаңартылған желі арқылы самалдықтардың алды осы айда сапалы электр жарығына қол жеткізеді. Қоныстанған 15 жылда жеке трансформатордан тоқ алып келген Мамыр Исабеков жақын арада тәулік бойы үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етілетініне қуанып отыр.

Тапсырыс беруші қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасындағылар шағынаудан жаңа жүйеге кезең-кезеңімен қосылатынын айтады.

Жаңа электр жүйесіне қосылу үшін тұрғындарда үйдің құжаттары болуы шарт. Заңдастырылмаған баспаналарға электр желілері тартылмайтынын мамандар кезекті рет ескертеді. Самал-3 шағынауданын толық электр жарығымен қамту үшін 3 электр тарату бекеті қажет.

Бұдан бөлек, шаһардағы Асар, Бозарық шағынаудандарын сапалы электр жарығымен қамту мақсатында «М-1» қосалқы электр станциясының құрылысы жүргізілуде. Құны 4,5 млрд. теңгеден асатын нысан мерзімінен бұрын биыл пайдалануға тапсырылмақ.
«110/35/10 кв. 1М-1 подстанциясында тұрмыз. Қазір мұнда қосалқы шкафтар орналастырылуда. Құрылысты былтыр жылдың соңында бастаған едік, биыл тапсыруға тырысамыз»-дейді мердігер мекеменің өкілі  Жандос Орынбасар.

Аумағы кеңейген, халық саны артқан шаһар қосымша электр қуаты көздері қажет етеді. Құрылысы 4 жылға созылған Бозарық электр станциясы биыл пайдалануға тапсырылса,нәтижесінде Астана 1,2, және Нұрсәттегі қосалқы стансалар бір шеңберде жұмыс істеп, қаланың электр қуатына деген сұранысын қамтиды.

Бұдан бөлек, Ынтымақ елдімекенінде бой көтеретін қосалқы электр станциясының жобасы әзірленуде. Сонымен қатар, қазіргі таңда Тұран шағынауданы тұрғындарын үздіксіз жарықпен қамту жұмыстары жүргізілуде.

Шынар Оразова