Депутаттар бюджетті нақтылауда

343
Депутаттар бюджетті нақтылауда

Жыл соңында әдеттегідей республикалық бюджет нақтыланады. Осыған байланысты жергілікті жерлерде өңірлердің басты құжаты қайта қаралады. Облыс бюджетінің жобасы бойынша қаржылар түрлі салаларға бағытталды, енді оларды игеру, мақсатты жұмсау ғана қалды. Облыс мәслихатының тұрақты комиссияларында бас қосқан халық қалулылары елдімекендердегі әлі де шешімін таппаған мәселелер көп дейді.

Биылға арналған облыс бюджетінің көлемі 517 млрд 900 млн теңгені құрады. Облыстық мәслихаттың мемлекеттік-құқық мәселелері және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшелері 3 жылға арналған облыс бюджетінің жобасымен келісіп, өлкелердегі сайлаушылардың көтерген мәселелерін талқылауға көшті.

Әділхан Исабаев, облыс мәслихатының депутаты: «Қалалық қоқыс орны жабылды. Темірлан тасжолына баратын жаңа жолды аштыңдар. Алайда оның сапасы сын көтермейді. Оған қоса жарықтандырылу да шешілмеген. Жолдың құрылысына кірісіпсіңдер, жолды басынан бастап талапқа сай салмайсыңдар ма? Оған кім кінәлі? Бекжан базары маңындағы жолды жаптыңдар. Белгілерді қоймайсыңдар ма? Соның салдарынан апатты жағдай тууда.»

Нұралхан Көшеров, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Ынтымақ көшесіндегі жаңа жол әлі пайдалануға берілмеген. Алматы бағытындағы айналма жолдың құрылысы 6 кезең бойынша жүргізіледі. Ал сапасына қатысты айтарым, қайта қарайық. Әкімнің осы салаға жауап беретін орынбасарына жеткіземін.»

Кезекті тұрақты комиссияның төрағасы коммуналды қызметтердің тарифі тым қымбат екенін көтерді. Алайда, бұл ұсыныс қолды кеш сермегенмен бірдей. Өйткені тарифтерді бекітуге арналған қоғамдық тыңдауларда халық қалаулысының бірін де кезіктіре алмаймыз. Тек «Жолаушы» серіктестігінің құрылтайшысы, депутат Рахым Тәнірбергеновтың ісі ғана көпке үлгі. Коммуналды тариф те, сұйық отын бағасы да шарықтап тұрған тұста ұстанған қағидасынан жаңылған емес. Яғни, түркістандықтар әлі күнге дейін 40 теңгелік жолкіремен қатынайды.

Осы тұста облыс мәслихатының депутаты Бахарам Әбдікәрімов қоғамдық тыңдауларға қатысып, тарифтерді бекітуге қатысты пікірін жеткізді.

Бахарам Әбдікәрімов, облыс мәслихатының депутаты: «Кеше ғана премьер-министр айтты – тарифтер делдалсыз жетуі тиіс деп. Ал сіздер өздеріңіз сол делдал ретінде қазір шығып жатырсыздар. Монополияға қарсы департамент халықты қолдаудың орнына монополистерді қорғауда. Бұл не?»

Тариф мәселесін талдағандар облыс орталығындағы көлік қозғалысы мәселесін де қаузай кетті. Айтуларынша, қаланың қақ ортасынан жүретін жүк көліктері тыйылмай отыр. Жергілікті билік бұл мәселе бойынша тәртіп орнатамыз деп уәде берді. Алайда мерзімін нақтыламады.