«Латын әліпбиіне ауысу – ұлттық сананың жаңғыруы»

406
Латын әліпбиіне ауысу - ұлттық сананың жаңғыруы

«Латын әліпбиі – заман талабы. Бүгінгі таңда оның маңызы аса зор. Жаңа технология да, болашақ инновация да латын тілінде. Ендеше, көштен кеш қалмауымыз үшін барлығымыз атсалысуымыз қажет.» Оңтүстік Қазақстан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ғалым Ақжол Қалшабек осылай мәлімдеді.

Мемлекет басшысы биыл 27 қазанда қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы жарлыққа қол қойды. Жарлық негізінде 2025 жылға дейін латын графикасына көшу кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Осыған байланысты өткен баспасөз мәслихатында жан-жақты пікірлер айтылып, талқыға салынды.

Жаңа әліпбиге көшу туралы өз ойын ортаға салған ғалым Ақжол Қалшабек латын әліпбиі қазақ халқын құлдық санадан арылтып, ұлттық рухты жаңғыртатын айтты.

Латын әліпбиіне ауысу - ұлттық сананың жаңғыруы

– Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында халқымыздың ұлттық кодын айқындау, туған жер, 100 жаңа есім сынды өзекті тақырыптар қамтылған болатын. Осылардың ішінде ең маңыздысы латын әліпбиіне көшу мәселесі еді. Латын әліпбиі жоғымызды түгендеп, жоғалтқанымызды табуға үлкен септігін тигізеді деп есептеймін. Осы ретте бүгінгі қазақ қоғамы латын әліпбиін тез меңгеруге дайын болуы керек, – деді Ақжол Қалшабек.

Сонымен қатар брифингте сөз алған Қазақстан өзбектері «Достық» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов Қазақстандағы өзге этнос өкілдері де латын әліпбиіне көшу бастамасын қолдайтынын жеткізді.

Латын әліпбиіне ауысу - ұлттық сананың жаңғыруы

– Бүгінде әлем халқының 4 млрд 300 миллионға жуығы латын әліпбиін қолданады. Өйткені, латын тілі ежелден ғылым мен білім тілі саналады. Демек, бұл – бүгінгі заманның талабы. Болашақ ұрпақ латын әліпбиі арқылы терең білім алып, ғылымға ұмтылуы тиіс, – деді Икрам Акрамұлы.

Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында латын әліпбиінің түркі халықтарының басын біріктіретін маңызды фактор екені айтылды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі