ОҚО әкімі Германияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісімен кездесті

617
ОҚО әкімі Германияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісімен кездесті

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Германия Федеративті Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рольф Мафаэлмен кездесті. Кездесу барысында қос тарап өзара ынтымақтастық тетіктері жайын талқылап, екіжақты қатынастарды дамыту туралы пікір алмасты.

Өңір басшысы Германияны Қазақстанның Еуропадағы саяси және экономикалық әріптесі деп санайтынын, барлық салада ынтымақтастық байланысты дамытуға ынталы екенін жеткізді. Сондай-ақ, әкім биылғы 9 айда Оңтүстік Қазақстан облысы мен Германия арасындағы тауар айналымы 30 млн АҚШ долларына жетіп,  оның 27 млн долларын импорт құрап отырғанына тоқталды.

ОҚО әкімі Германияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісімен кездесті

— Германия — Қазақстанның негізгі сауда әріптесі. Екі жақты қарым-қатынастар тәжірибесі Германияның сенімді серіктес әрі тұрақты инвестор екенін аңғартады. Біз германиялық инвесторлардың жаңа технологиялар әкеліп бірлескен өндіріс орындарын ашу үшін бар мүмкіндіктерді жасауға дайынбыз. Бүгінде өңірімізде инвесторларға тиімді жағдай жасалып отыр. Оңтүстік Қазақстан облысының географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы — аймағымызға инвестиция тарту үшін оң жағдай қалыптастырады. Мен осы ретте германдық кәсіпкерлермен тың жобаларды іске асыруға мүдделі екенімізді жеткізгім келеді. Сондықтан сіздерді экономикамыздың түрлі саласында бірлесіп еңбек етуге шақырамын, -деді Жансейіт Қансейітұлы.

Өз кезегінде неміс  елшісі Оңтүстік Қазақстан облысы Еуроодақ елдерінің қызығушылығын оятқан экономикалық аймақ екенін атап өтті.

ОҚО әкімі Германияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісімен кездесті

— Биыл Қазақстан мен Германияның арасында дипломатиялық қатынастың орнатылғанына 25 жыл толып отыр. Бүгінде біз қазақ-герман қатынасы жоғарғы даму деңгейіне жеткенінің куәсі болып отырмыз. Екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыруда Оңтүстік Қазақстан облысының да қосып отырған үлесі мол. Сіздердің өңірлеріңіз аграрлық аймақ саналғандықтан алдағы уақытта осы және мәдениет, білім, денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастықты арттыруға күш салатын боламыз, — деді Рольф Мафаэл. 

Айта кетейік, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында германиялық әріптестердің қатысуымен бірқатар өндіріс ошақтары жұмыс істейді. Олардың қатарында «Промондис Казахстан», «ODDESSEZentralsien» ЖШС мен   «Шымкентцемент» АҚ бар.

Кездесу барысында облыс әкімі елшіге Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірімізде туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Осы ретте өңір басшысы немістің ұлы ақыны Гете мен қазақтың ұлы кемеңгері Абайдың рухани байланысына тоқталып, Гетеден аударып, әнге ұластырған қазақ ақынының «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңін жатқа оқып берді. Сондай-ақ, әкім екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайту мақсатында алдағы уақытта Шымкентте Гете атындағы саябақтың іргетасы қаланатынын жеткізді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі